• 21.01.2019
    531

    «Қазақфильмнің» екі картинасы Бангладештен жүлделі оралды

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Адигул продакшнмен» бірлесе түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» фильмі «Бадал Рахман атындағы үздік балалар фильмі» (*Бангладештің тұңғыш балалар киносы режиссері)» призін жеңіп алды. Фестиваль 2019 жылғы қаңтардың 9 мен 18 аралығында Дакка(Бангладеш) қаласында өткен.

    «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат станциясы» атты фильмдерімен халыққа танылған Талғат Теменовтың бұл туындысы – балалар үйінің тәрбиеленушісі және қарттар үйінде өмір сүретін қария туралы.  

    - Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Менің досым, танымал сербиялық өнертанушы, аталған кинофестивальде болған екен. Сол кісі қоңырау шалып, біздің фильмнің үздік балалар фильмі аталғаны туралы айтты. Бұл жеңісімізге өте қуаныштымын. Бұл – «Кішкентай ханзаданың» үлкен жеңісі», - деді картина режиссері.

    Естеріңізге сала кетейік, фильмде басты рөлді сомдаған актер Төлеубек Аралбай 2018 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальдің «Ер адам ролін үздік сомдағаны үшін» аталымын жеңіп алған-ды. Сонымен қатар, картина II халықаралық «Еуразиялық көпір» атты кинофестиваліне негізгі конкурсына қатысқан.  

    Айта кетелік, «Шыңырау» фильмі де Даккадағы кинофестивальде жүлдемен марапатталды. Фильмнің операторы Ривқат Ибрагимовтың жұмысын азия фильмдері конкурсында үздік деп таныды. Фильмнің режиссері – Жәнібек Жетіруов. Даккадағы халықаралық кинофестиваль 1992 жылдан бастап өткізіледі. Кинофорум Бангладешдегі беделді кинофестиваль саналады. Кинофестивальдің ұйымдастыру жұмыстарын Rainbow Film Society клубы жасайды. Фестивальдің негізгі мақсаты – Бангладеш көрерменін әлемнің мейнстрим фильмдерімен таныстыру және отандық кинематографиясын дамыту.

    «Дакка фестиваліне көрші мемлекеттерден келген сарапшылар "Шыңырауға" қатты қызығушылық танытып, өз фестивальдеріне шакырды. Фильмнің фестивальдік тағдыры енді басталғалы тұр. Алатын биігі де алда деп ойлаймын. Қазірдің өзінде екі фестиваль өз анкеталарын жіберіп оларға жауап жазып жібердік», - деді Жәнібек Жетіруов.

    Биыл Даккадағы кинофестиваль 72 елдің қатысушыларының басын қосты. 220 кинолента көрсетілді.  Фестивальде «Азия киносы», «Ретроспектива», «Бангладеш панорамасы», «Әлем киносы», «Балалар фильмдері», «Қысқаметражды және тәуелсіз фильмдер», «Әйел кинематографистер» және «Рухани фильмдер» секциялары жұмыс істеді.


    Фильм туралы: «Біздің қаланың ханзадасы» - бұл Бибол есімді ерекше бала мен музыкант Қасымхан есімді қария туралы әсерлі оқиға. Фильмнің негізгі желісі - бала мен қарттың кездейсоқ кездесуі болып табылады. Бұл фильмдегі драматизм бір-біріне мүлде бөтен бас кейіпкерлердің соңында етене жақын болып кетулері. Фильм – адамның адамгершілік қасиеттерінің арқасында ғана шын бақытқа жетуге болатынын көрсетеді.

    Өндірісі:Ш.Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ «Адигул продакшн» ЖШС қатысуымен
    Жанры:мелодрама
    Режиссері, сценарий авторы: Талғат Теменов
    Қоюшы операторы: Андрей Маслов
    Қоюшы суретші: Марат Иманберген
    Композиторы: Төлеген Мұхамеджанов
    Бас продюсері: Ахат Ыбыраев
    Рөлдерде: Төлеубек Аралбай,Әнуар Төлеуғажы, Лейло Бекназар-Ханинга, Жәния Джуринская,Динара Әбікеева, Қуандық Қыстықбаев және басқалары.

    Режиссер туралы:
    Теменов Талғат Досымғалиұлы – кинорежиссер, Қазақстанның халық артисі. 1954 жылы 11 желтоқсанда Алматы облысы Малыбай ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны, ал 1986 жылы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлар дайындайтын жоғары курсын бітірген (С.Соловьевтың шеберханасы).
    Алғашында Талдықорған қаласындағы облыстық драма театрында актер болып шығармашылық жолын бастаған Талғат Теменов,1980 жылы кино өнеріне  келіп, режиссер көмекшісі және сценарист болып қызмет атқарады. Мәскеудегі оқуын бітірген соң, Т.Теменовөзінің сценарийі бойынша екі қысқаметражды фильмдерді – «Қайдасың, Шапай?» және «Торо» картиналарын түсіреді. 1987-1988 жылдар аралығында жас киногер «Мосфильм» киностудиясында ресейлік балалар киносының атасы Ролан Быковтан дәріс алып,кейін халықтың жоғарғы бағасы мен ықылас-ілттипатына бөленген «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті», «Өлімнен кейінгі Казань» атты фильмдерді жарыққа шығарды. Т.Теменов сонымен қатар халыақаралық жоба – «Көшпенділер» фильмінің тең режиссері. 2011 жылы режиссер «Менің күнәлі періштем» фильмін түсірген.


    Анықтамалық ақпарат:

    Фильмнің атауы: «Шыңырау»
    Өндірісі: Ш.Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ
    Жанры: Драма, қазақ тілінде
    Сценарий авторы және қоюшы режиссері: Жаңабек Жетіруов
    Қоюшы оператор: Рифкат Ибрагимов
    Қоюшы суретші: Мұрат Кәріпов
    Композиторы: Арман Жайым
    Продюсері: Ертай Рахманбердиев

    Режиссер туралы анықтама:

    Жетіруов Жаңабек Ибайраханұлы – кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. 1958 жылы 15 қарашада Қызылорда облысы Қазалы ауданы Байқожа станциясында дүниеге келген. 1986 жылы Әл-Фараби атындағы «Қазақ Мемлекеттік Университетінің филалогия факультетін тәмамдаған. 1993 жылы Мәскеудегі сценаристер мен режиссерлер дайындайтын жоғары курсын бітірген.
    Кино өнеріне 1988 жылы келді. Отыздан астам деректі фильмдердің сценарий авторы және режиссері. Режиссердің қаламынан шыққан алғашқы толықметражды көркем фильмі – «Дүниежарық» картинасы.

    ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. Деректі фильмдер: «Минус ре», (КФ, 1992), «Сезімдерді тәрбиелеу» (КФ, 1993), «Телқара» (КФ, 1995), «Әлімқұл – Жамбылдың немересі» («Хабар», 1996), «Жәңгір хан» (ҚР Президенті ТРК, 1998), «Монополист» (ҚР Президенті ТРК, 1998), «Туған жер» (ҚР Президенті ТРК, 2000), «Күн сәулесі» (ҚР Президенті ТРК, 2000), «Қала болатынын мен жақсы білемін» (ҚР Президенті ТРК, 2000), «Дән мен Дәм» (Хан Тәңірі, 2000), «Сыр мен сырласу» («Қазақстан», 2003), «Антиквар» (НК «Қазақстан», 2003), «Махамбет» (КФ, 2003), «Жүрегімнің жылуы» (НК «Қазақстан», 2003), «Балгер» (ҚР Президенті ТРК, 2003); «Кенесары» (КФ, 2005), «Оралу» («О.Әбішев», КФ, 2005), «Үшқоңыр алтын бесігім» (2005), «Қазақстанның Ресей күндері» (КФ, 2005), «Сегіз қырлы, бip сырлы. Ш. Сарыбаев», «Желтоқсан алауы» (КФ, 2006), «Мамания» (КФ, 2006), «Ұстаз» (КФ, 2006), «Зона риска» (КФ, 2007), «Ана мерейі» (КФ, 2007) және басқалары;  Көркем фильмдер: «Дүниежарық». (КФ, 2006), «Аққыз» (КФ, 2011), «Джульетта және артист» (итальян киногерлерімен бірлесіп, 2012).


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020