• 20.11.2017

    «Оралман» фильмі Германиядан жүлделі оралды

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Үстіміздегі жылы қарашаның 9 - 19 күндері Германияда өткен 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. Одан бөлек, кинофестивальдің ұйымдастырушылары аталған кинотуындыны  Германияда прокатқа шығаруына ұсыныс жасады.

    Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген режиссері Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі аталған кинофестивальдің негізгі бағдарламасына іріктелініп алынған болатын.  Биыл фестивальдің бас жүлдесіне 22 елден 21 картина таласқа түскен.

    - Мәдени және діни өзгешеліктеріне қарамастан, өз еліне қайта оралған отбасының драмалық оқиғасы эмоционалды әсерлі баяндалғаны үшін марапатталады, - делінген фестивальдің ресми сайтында.  

    Мангейм-Гейдельберг кинофестивалінің нәтижесі бойынша, байқаудың «Үздік толықметражды фильмі» атты бас жүлдесі режиссер Вито Пальмиеримнің «Техаста көрісерміз» атты итальяндық картинаға бұйырды. Ал филиппиндық режиссер Багане Фиол түсірген «Ормандағы серуен» фильмі фестивальдің арнайы жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, «Күзетші» (Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико, Бразилия), «Қасиетті ауа» ( Израиль) және «Мұртаза» (Түркия) атты фильмдер қазылар алқасының құрметті сыйлықтарымен марапатталды.

    66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінің халықаралық қазылар алқасының құрамына  Германияның танымал кинематографистері – Клаудиа Ландсбергер, Кристиан Юль Лемче және Клеменс Клопфенштейндер кірді.

    Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалі 1952 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестиваль киноиндустрияның кәсіби мамандарына және киносүйер қауымға арналған.  Жыл сайын фестивальге 500 кәсіби маман мен 60 мың көрермен қатысады. Бұл өз кезегінде кинофестивальдің ауқымы кең және Германиядағы ең ірі фестивальдердің бірі екенін дәлелдейді. Фестиваль шеңберінде режиссерлермен, актерлермен және продюсерлермен кездесулер ұйымдастырылады.

    Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» көркем фильмі осы жылдың басында
    Иранның астанасы Тегеранда өткен  35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын.  Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді.

    Айта кетелік, Башқұртстанда үстіміздегі жылдың желтоқсанында өтетін IV Халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалінің ашылу салтанаты «Оралман» фильмімен ашылады.


    Фильм жайлы: Фильм ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған  қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады.  Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

    Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ,  «Қадам» ЖШС (кинокомпания) қатысуымен
    Жанры: әлеуметтік драма
    Режиссері: Сәбит Құрманбеков
    Сценарий авторы: Нұрлан Санжар, Сәбит Құрманбековтің қатысуымен
    Қоюшы операторы: Марс Умаров
    Қоюшы суретшісі: Рустам Одинаев
    Композиторы: Айдос Сағат


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2019