• 19.06.2017

    Ермек Тұрсыновтың жаңа фильміне Нина Усатова түсіп жатыр

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы

    Ресейдің танымал театр және кино актрисасы, Ресейдің халық артисі Нина Усатова «Киномеханик» фильміне түсіп жатыр.

     

    «Киномеханик» кинокартинасы ҚР Мәдениет және спрот министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Тұрсынов фильм» ЖШС бірлесе түсіріліп жатыр. Фильм – Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Ол киноның көмегімен әлемді жақсартуға болады деп сенеді.

                                                    

    Фильмде жесір әйелдің рөлін «Холодное лето пятьдесят третьего», «Мусульманин», «Барак» және т.б. фильмдері арқылы танылған Нина Усатова сомдайды. Фильмнің түсіру алаңы Алматы облысы Жаркент қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан.

     

    - Осы рөл арқылы мен өзімнің балалық шағыма оралғандай болып тұрмын. Себебі мен Алтайда туылғам, сондықтан да, жылқылар мен қойлар және кең даланың иісі маған жақсы таныс. Бұл рөлдің маған бұйырғанына қуаныштымын. Тағдырдың берген сыйы деп санаймын,- деді ресейлік актриса.

     

    Фильмнің режиссері Ермек Тұрсынов сценарий жазу барысында осы рөлге Нина Усатованы елестеткенін айтты. Ал ресейлік актриса қазақстандық режиссердің шығармашылығымен таныс екенін жеткізді.

     

    - Кеңес заманында түрлі фестивальдерде Қазақстандағы әріптестерімізбен жиі кездесіп, фильмдерді талқыға салып, қандай фильмдер түсіріліп жатқанын білуші едік. Өкінішке қарай, қазір бәрі өзгеше. Алайда мен Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмін көргенім есімде. Өте шыншыл туынды. Басты кейіпкерді сомдаған актер  шынайы ойнап шықты. Көріп отырып жыладым да, ол қасқырлардан қашқан кезде «Қашсай, тез бол» деп бірге айқайлап отырдым да. Күлген жерлерім де болды, өйткені картинада әзіл де бар, - деді Нина Усатова.

     

    Айта кетсек, «Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Ерболат Тоғызақов да  «Киномеханик» фильміне қатысатын болады. «Ол менің барлық фильмдеріме түсті ғой, ол маған сәттілік әкелетін менің тұмарым іспеттес», деді режиссер.

     

    Ал «Киномеханик» фильмінде басты рөлді актер Мұрат Мұқажанов сомдайтын болады. 69 жастағы актер түсірілім алаңында соңғы рет 50 жыл бұрын болған екен.

     

    - Барлық балалар сияқты мен де актер болуды армандағам. 1965 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтына театр факультетіне оқуға түстім. Әшірбек Сығай, Әшірәлі Кенжеев, Ерсайын Дүйсенбиев, Құман Тастамбековтермен бірге КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның шеберханасында оқыдым. Түсіру алаңында алғаш рет 1967 жылы болдым, Александр Карповтың «Дорога в тысячу верст» фильмі болатын. Сондай-ақ Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильміне де түстік. 70 жылдары отбасы жағдайына байланысты Семейге оралуыма тура келді, кейін әскерге кеттім, - деп еске алды актер. 

     

    Әскерден орала салысымен Мұрат Мұқажанов жергілікті мектеп директорының шықыруымен әскери дайындық бойынша мұғалім болып қызметке орналасады. Оған қоса, ауылдағы театрда қойылымдар қойып жүрген ол, «біздің театр 1977 жылы халық театры атағын алған», деп мақтанышпен айтты. Бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан ақсақалдың 6 немересі бар екен.  

     

    - Бұл рөлге үміткерлер көп болды, шамамен 40-50 адам. Осы жастағы көптеген актерларды қарастырдық, Қазақстандағы барлық драма театрларымен жұмыс жасадық. Мұрат ағаны бұрыннан танимын, оны кастингке алып келіп режиссермен таныстырдым. Ермек жаңа есімдерді ашқанды жақсы көретінін білесіздер ғой. Көп ойланып, ақырында Қайыржанның рөліне осы кісіні бекіттік, - деді картинаның продюсері Қанат Төребай.

     

    Сонымен қатар продюсер фильмнің түсіру жұмыстары Алматы облысында маусымның 28-не дейін жалғасатынын айтты, соңғы түсірілім күні 1 шілдеге жоспарланған. Фильмнің монтажын үстіміздегі жылда аяқтау жоспарлануда. «Барлығы пост-продакшнға байланысты, алдын ала болжап айту қиын», - деп қорытындылады Ермек Тұрсынов.

     

    Анықтама:

    Нина Усатова – Ресей және Кеңес Одағының театр және кино актрисасы, Ресей халық артисі, Ресей мемлекеттік сыйлығының иегері. Нина Усатова 1951 жылы 1-ші қазанда Алтайдағы Малиновое Озеро ауылында өмірге келген. 1974 жылы Нина Николайқызы Б.В. Щукин атындағы театр мектебіне режиссер факультетіне оқуға түсті. 1979 жылы оқуды аяқтаған Нина Усатова тәжірибе өтеуге Котлас қаласына келеді. Бұл кезде Ленинградта жастар театры ашылып, жас актриса осы театрға қызметке орналасады. 1989 жылы Нина Усатова Г.А. Товстоногов атындағы Үлкен драма театрнының труппасына келеді.
    1981 жылы Нина Усатова кин
    одағы алғаш рөлі «Куда исчез Фоменко» телевизиялық фильмінде тігіншінің образын сомдайды.  Көпшгілік қауымға «Холодное лето пятьдесят третьего..» фильмі арқылы танылған. 

     

     

    «Киномеханик» фильмінің аннотациясы: Солдат соғыстан қайтып келгенінде, үйінің есік-терезелері шегеленіп, жабулы тұрғанын көреді. Бұндай көріністі көрген ол Германияда қарт немісті өлтірмей алып қалғаны үшін, сыйға алған кинопроекторын шығарып, кино қояды. Қайтыс болған жақындарын жоқтап, қайғысынан тез айығуына фильмдер ықпал етеді. Фильмдегі кейіпкерлерді қиялдап, өмірді қайта бастауға қуат алады. Содан бастап өмірінің соңына дейін ол кинопроектордан ажырамайды.


    Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Турсуновфильм» ЖШС бірлесе

    Қоюшы режиссер және сценарий авторы: Ермек Тұрсынов

    Қоюшы операторы: Мартин Сечанов

    Қоюшы суретші: Қуат Тілеубаев

    Екінші режиссер: Тамаш Тот

    Продюсері: Қанат Төребай

    Рөлдерде: Мұрат Мұқажанов, Қуат Тілеубаев, Ерболат Тоғызақов, Иісбек Әбілмәжінов және басқалар.


    Режиссер туралы ақпарат: Тұрсынов Ермек Кәрімжанұлы - кинодраматург, кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.; 1990 жылы Мәскеудегі Жоғарғы сценаристер және режиссерлер курсын (А. Митта және Я. Фрид шеберлігі) тәмамдаған.
    Журналист, «Мегаполис» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» телеарнасының бас директоры, «31 арнаның» бас продюсері болып істеген.


    ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. Толықметрлі көркем фильмдердің сценарий авторы: «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (КФ, 2009), «Чума», «Мұстафа Шоқай» (КФ, 2008), Сергей Бодровпен бірлесе, «Құрақ көрпе» (КФ, 2007), «Ближний бой» (2008), «Мытарь», «Четвертый мир», «Сабалақ» Тимур Бекмамбетовпен бірлесе, «Әбілқайыр-хан» (КФ, 1993), «Папина дочь» Сатыбалды Нарымбетовпен бірлесе, «Прыгай, я за тобой», «Караванные тропы», «Бақсы» (КФ, 2008) Гүлшат Омаровамен бірлесе, «Полковник Нода», «Мамин рай» (2009) Мохсен Махмальбафпен бірлесе, «Старая любовь» Ақтан Абдықалықовпен бірлесе, «Мәмлүк», «Келін» (КФ, 2009) және басқалар. Түсірген фильмдері: «Келін», «Шал», «Кенже», «Кемпир»» және басқалар.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2019