• 08.06.2017
    1273

    Астанада тұңғыш Қазақстан-Қытай бірлескен «Композитор» киножобасы таныстырылды



    Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қытай Халық Республикасының басылым, кино, радио, телевизия мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілігімен бірлескен киноөндіріс туралы үкіметаралық келісімге қол қою аясында тұңғыш Қазақстан-Қытай бірлескен «Композитор»  киножобасы таныстырылды. Бұл жобаның өндіріс жұмыстарын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық «Shineworks Pictures» және «China film coproduction corporation» компаниялары бірлесіп атқарады.


    Мәдени іс-шараға қатысқандар: Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қытай Халық Республикасы  әкімшілігінің мемлекеттік баспасөз, кино, радио және телевизия министрі Не Чэньси (Nie Chenxi), Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықов, «Shineworks Pictures» компаниясының президенті Джонатан Шень (Johnathan Shen ) және картинаның түсіру тобы.


     - Құрметті Қытай елінен келген мәртебелі қонақтар, қазақ еліне қош келдіңіздер! Бүгін екі ел кинематографиясы үшін айтулы күн – тарихи сәт! Өйткені біз бүгін екі ел арасындағы бірлескен алғашқы киножобаның басталғаны туралы жария етпекпіз. Достығы мығым көрші – Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы артып, мәдени байланысы жылдан жылға нығайып келеді. Бұған дәлел бірлесіп қолға алған «Композитор» атты ауқымды жоба. Бұл фильм қазақ елі мен қытай елінің ұлы композиторлары – Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы туралы. Бүгінде екі композитордың достығы екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға септігі тиіп отыр, - деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы

     

    Қытай Халық Республикасы  әкімшілігінің мемлекеттік баспасөз, кино, радио және телевизия министрі Не Чэньси ҚР мәдениет және спорт министрлігіне құрметпен қарсы алғандарына және қытай фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастыруға атсалысқандары үшін алғысын білдіре отырып, өзара сыйластық пен құрметке негізделген Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар достық пен ынтымаққа құралғанын айтты. «Екі елдің ұлы композиторлары - Си Синхай мен Бақытжан Байқадамов туралы түсірілетін бұл фильм әлем өнер тарихының жаңа парақшасы. Бұл бастама екі елдің кинематографиясын жақындата түсетініне сенімім мол» деді ол.


    - Біз қытайлық әріптестерімізбен фильмге қатысты барлық жұмыс үрдісін және түсірілім кезіндегі шығындарды теңдей бөліп алдық.  Түсірілімдер Қазақстанда өтеді. Ал монтаждау және компьютерлік графискасы Қытайда жасалынатын болады.  Бұл бірлескен жоба екі ел кинематографистері арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына септігін тигізеді деп сенем, - деді «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықов.


    Сондай-ақ, презентация барысында вице-президент Қазақстан тарапынан жобаға қатысатын түсірілім тобы мүшелерін таныстырды. Фильмнің екінші режиссері және қоюшы суретшісі Сәбит Құрманбеков. Картинаның желілік продюсерлері – Серік Ибраев және Зарина Кисикова. Фильмге отандық танымал актерлер – Берік Айтжанов пен Алтынай Нөгербек шақырылған.


    «Композитор» фильмінің режиссері Шеризат Яқұб өз кезегінде былай деді: «Біз Қазақстан кинематографистерімен бірлесіп жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз. Си Синхайдың образын еліміздің танымал актері Ху Джун сомдайтын болады».


    Бірлескен киножобаның түсірілімі туралы  уағдаластық 2015 жылдың 26 қыркүйегінде  Қытайдың Фучжоу қаласындағы  «Жібек жолы»  атты Екінші Халықаралық кинофестивалінің  Бірлескен өнім форумында жасалды. 2016 жылы 2 қарашада «Қазақфильм» АҚ мен Shineworks Pictures қытай кинокомпаниясының  ынтымақтастық туралы   жұмыс атауы «Композитор» атты  көркем фильмін бірлесіп өндіру,  қаржыландыру, және  бірлесіп пайдалану туралы  келісімге қол қойды. 2016 жылдың  желтоқсанында  фильм  дайындық кезеңіне өтті.  Фильмнің басым бөлігі Қазақстанда түсіріледі. 2017 жылдың мамырында  аталған  жобаны жүзеге асыруға байланысты «Қазақфильм» АҚ мен Shineworks Pictures және China film coproduction corporation атты  Қытай кинокомпанияларының арасында үшжақты келісім жасалды.


    Естеріңізге сала кетейік,  кеше Астанадағы «Қазмедиаорталығында» EXPO-2017 көрмесінде ҚХР павильонының ресми ашылуына орайластырылған, қытай киносы күндерінің ашылу салтанаты өтті. Қытай киносы фестивалі ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілуде. Фестиваль аясында, маусымның 7 мен 18 аралығында, отандық көрермендер назарына Қытай кинематографиясының соңғы жылдары жарық көрген үздік алты туындылары ұсынылатын болады.

     

    Анықтама:

    Си Синхай қысқа ғұмырында 500-ден астам тамаша әуендер жазған, сондай-ақ ол 10-ға жуық кинофильмдер музыкасының авторы.  Алматыда өткізген жылдары ол «Ұлт   азаттығы» симфониясын жазған. Азаттық пен отанға деген адалдықты жырлап, зорлық-зомбылық пен соғысқа қарсы бағытталған Си Синхайдың шығармаларынан отанға деген махаббатын аңғаруға болады.


    1940 жылдың соңына қарай Си Синхай Қытай компартиясының ОК бұйрығы бойынша Мәскеуге іс-сапарға жөнелтіледі. Соғыс басталып кеткендіктен ол еліне қайта алмай қалады. 1942 жылы Моңғолия арқылы Қытайға кету жоспары орындалмағандықтан Алматыға келеді. Туған еліне қайта алмай, ақыры Мәскеуде көз жұмады.


    Тоқсаныншы жылдары Си Синхайдың Алматыдағы екі жылы туралы деректерді іздеу басталады. Ақпараттар мен деректерді Бақытжан Байқадамов пен Михаил Иванов-Сокольскийдің туысқандары береді. Нәтижесінде Си Синхайға арнап Алматыда естелік тақта орнатылады.


    1998 жылы 3 шілде күні естелік тақтаны Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және ҚХР төрағасы Цзян Цзэмин ашады. Ал 1999 жылы 16 қарашада Алматы қаласында жаңа қытай музыкасының негізін салушылардың бірі - Си Синхай атындағы көше ашылады.

     

    «Композитор» фильмі туралы ақпарат:

    Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Shineworks Pictures және China film coproduction corporation бірлесе

    Жанры: байопик 

    Редакторы: Зәуре Ерғалиева
    Қоюшы режиссері:
     Шеризат Яқұб
    Қоюшы суретшісі:
     Сәбит Құрманбеков
    Продюсерлері:
     Серік Ибраев, Зарина Кисикова

    Актерлер:  Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек, Ху Джун(Hu Jun) және басқалар.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020