• 02.06.2017
    2058

    Астанада «Бибол» фильмінің тұсаукесері өтті


    1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, «Адигул продакшн» компаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Бибол» атты көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық артисі, қазақ киносының «жаңа толқын» өкілі – Талғат Теменов.


    «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті» сынды фильмдерімен көрерменге жақсы таныс Талғат Теменовтың жаңа кинотуындысы балалар үйінің 6-жасар тәрбиеленушісі мен қарт кісінің арасындағы достығы туралы баяндайды.


    Фильмді тамашалауға еліміздің белді қайраткерлері, саясаткерлері және өнер адамдары келді. Атап айтсақ: Қуаныш Сұлтанов, Ирақ Елекеев, Төлеген және Майра Мұхамеджановтар, Бүркіт Аяған, Дархан Қыдырәлі, Әсел Акбарова, Назира Мұқышева және театр және кино актерлер.


    Тұсаукесер рәсімінің алғы сөзі ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына берілді. Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде барша қазақстандық балаларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.


    - Еліміздің барша кішкентай көрермендеріне арналған бұл фильмде бүгінгі күні өзектілігі артып, бағасы құлдырап бара жатқан адами құндылықтар баяндалады. Фильм еліміздің бас қаласы Астанада түсірілген әдемі де жылы туындылардың бірі. Фильмде күн санап дамып келе жатқан әсем қаламыздың көрікті жерлері көрініс тапқан.- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.


    Өз кезегінде режиссер Талғат Теменов фильм жайлы ойын және бас кейіпкердің рөліне баланы қалай тапқандығы туралы айтып берді.


    - Бұл оқиға адамгершіліктің мәңгілік заңдары туралы фильм. Отбасылық құндылықтардың адамзат үшін маңыздылығын көрсететін фильм... Біз кастингті ұзақ жүргіздік. Биболдың рөліне екі мың бала бақ сынады. Солардың ішінен Әнуарды таңдадым. Түсірілім кезінде оның жасы бес жарымда болатын. Сондықтан да текст жаттаудан әбден қиналатын. Қиналған сәттерінде түсірілім алаңын тастап, ауылына кетіп қалуды ойлайтын. Алайда түсірілім тобыжабылып жүріп, оны қалдыруға көндіретінбіз. - деді фильм режиссері Талғат Теменов.


    Фильмнің түсіру жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында өтті. Басты рөлдерді Ануар Төлеуғажы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай («Жаужүрек Мың Бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка және драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен. Фильм үстіміздегі жылдың күзінде прокатқа шығатын болады.


    «Бибол» Фильм туралы: бұл Бибол есімді жетім бала мен музыкант Қасымхан қария туралы әсерлі оқиға. Фильмнің негізгі желісі - бала мен қарттың кездейсоқ кездесуі болып табылады. Бұл фильмдегі драматизм бір-біріне бөтен бас кейіпкерлердің етене жақын болып кетулері. Фильм – адамның адамгершілік қасиеттерінің арқасында ғана шын бақытқа жетуге болатынын көрсетеді.


    Өндірісі:Ш.Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ «Адигул продакшн» ЖШС қатысуымен

    Жанры:мелодрама

    Режиссері, сценарий авторы: Талғат Теменов

    Қоюшы операторы: Андрей Маслов

    Қоюшы суретші: Марат Иманберген

    Композиторы: Төлеген Мұхамеджанов

    Бас продюсері: Ахат Ыбыраев

    Рөлдерде: Төлеубек Аралбай,Әнуар Төлеуғажы, Лейло Бекназар-Ханинга, Жәния Джуринская, Динара Әбікеева, Қуандық Қыстықбаев және басқалар.


    Режиссер туралы: Теменов Талғат Досымғалиұлы – кинорежиссер, Қазақстанның халық артисі. 1954 жылы 11 желтоқсанда Алматы облысы Малыбай ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны, ал 1986 жылы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлар дайындайтын жоғары курсын бітірген (С.Соловьевтың шеберханасы). Алғашында Талдықорған қаласындағы облыстық драма театрында актер болып шығармашылық жолын бастаған Талғат Теменов,1980 жылы кино өнеріне келіп, режиссер көмекшісі және сценарист болып қызмет атқарады. Мәскеудегі оқуын бітірген соң, Т.Теменов өзінің сценарийі бойынша екі қысқаметражды фильмдерді – «Қайдасың, Шапай?» және «Торо» картиналарын түсіреді. 1987-1988 жылдар аралығында жас киногер «Мосфильм» киностудиясында ресейлік балалар киносының атасы Ролан Быковтан дәріс алып, кейін халықтың жоғарғы бағасы мен ықылас-ілтипатына бөленген «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті», «Өлімнен кейінгі Қазан» атты фильмдерді жарыққа шығарды. Т.Теменов сонымен қатар халықаралық жоба – «Көшпенділер» фильмінің тең режиссері. 2011 жылы режиссер «Менің күнәлі періштем» фильмін түсірген.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020