• 01.03.2017

    Алматыда «Аманат» фильмінің қайырылымдылық көрсетілімі өтті

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    1 наурыз, Алғыс айту күні, Алматының Бостандық ауданы әкімдігінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Аманат» көркем фильмінің халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына арнайы қайырылымдылық көрсетілімі ұйымдастырылды.  Шараны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «KazDesign Production» ЖШС жарнама-продюсерлік компаниясы  «MobileDalaFilm» жобасымен және Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі.

    -  Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күнін тойлайтынымыз қандай жақсы. Егер біз бір-бірімізге күлімсіреп қарап, алғыс айтып жүретін болсақ, біз одан ештеңе ұтылмаймыз. Керісінше ұтамыз және байи түсеміз. Сіздерге көп рахмет. Үйлеріңіз мереке мен берекеге толы болсын, - деп жиналған қауымды құттықтаған режиссер Сатыбалды Нарымбетов фильмді көруге шақырды.

    Фильмнің соңынан қонақтарға естелік сыйлықтар таратылды.

    Фильмнің желісі бірнеше уақыт аралығын қамтиды: XIX ғасырдың орта тұсы – Кенесары ханның тәуелсіздік жолындағы күресі, XX ғасырдың ортасы және 60-жылдардың соңы. Фильмде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске арналған зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған тоталитарлық жүйенің құрбаны, алаш арысы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры баяндалады. Қазақ халқының болашағына алаңдаған фильмдегі әр кейіпкердің тағдыры өз заманында суреттелсе де, олардың алға қойған мақсат-мүдделері бір – ар-ождан бостандығы бар, Тәуелсіз  Қазақстанның  ірге-тасын бекіту.

    Айта кетсек, «MobileDalaFilm» жобасы авторлары осыған дейін «Қазақфильм» киностудиясының фильмдерін Алматы қаласы, Алматы облысы және Жезқазған қаласының мектептерінде және балалар үйінде, сондай-ақ Батыс-Қазақстан және Қарағанды облыстарының ауылдарында қайырылымдық көрсетілімдер ұйымдастырған. Аталмыш жобаның басты мақсаты шалғайдағы ауыл тұрғындарына қазақстандық кино туындыларды таныстыру.

    Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылғы 14-қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Елбасы атап өткеніндей, бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болмақ.
    Фильм туралы: Кеңес дәуірінде қазақ халқының өткеніне үңілу – өз елінің адал патриоты, тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың өмірін түнекке айналдырды. Ол бар саналы ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен атақты Кенесары ханның өмірін зерттеуге арнап, халықшыл ханның есімін ұлт  жадында қайта жаңғыртқан еді. Қайраткер, өжет, қайсар ғалымның тарих шындығын ашу жолындағы мехнатқа толы күресін жас журналист, фильмнің бас кейіпкері – Рамазан жалғастырады. Алайда ол да бар мақсат мұраты халықты мәңгүрттендіру болып табылатын сталиндік дәуірдің сарқыншақтарымен қайыра беттеседі, түрлі кедергілерге тап болады.
    Дәуір шындықтарымен бетпе-бет келу, атақ-даңқтың құзар шыңына көтерілу, ол биіктен қайта құлау, өшпес ерліктерді тәрк етіп, мүлде естен шығару – фильм қаһармандарының тағдыр талайы осынау шекте талқыға түседі. Дегенмен фильм соңында ақиқат салтанат құрады. Соның айғағындай, қазақ халқының ұлы перзенттерінің, аяулы ұлдарының өшпес есімдері қайта жаңғырады. Жаңғырған есімдер – бейнебір халық рухының алапат күші іспетті, бізді ұлтқа қызмет жасауға шақырады.
    Өндірісі: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
    Жанры: тарихи драма
    Сценарий авторы және қоюшы режиссері: Сатыбалды Нарымбетов
    Қоюшы операторлар: Ескендір Нарымбетов, Александр Плотников
    Қоюшы суретші: Мұхтар Мырзакеев
    Композиторы: Ақтоты Райымқұлова
    Продюсері: Арман Әсенов
    Актерлер: Берік Айтжанов (Ермұхан), Қарлығаш Мұхамеджанова (Халима), Санжар Мәдиев (Кенесары), Әзиз Бейшеналиев (Бучин), Азат Нұртаев (Рамазан), Ажар Ыбыраева (Рамазанның жары) және басқалары.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2019