• 24.02.2017

    «Қазақфильмнің» «Арман әлемі» жобасы түсірілім жұмыстарын бастауға дайын

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының Эксперттік кеңесі Қазақстандық жазушы Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» атты кітабының желісі бойынша түсірілетін «Арман әлемі» фильмінің режиссерлік сценарийін талқылап қабылдады. Фильмнің режиссері Фархат Шәріпов.

    Бүгінгі таңда дайындық кезеңі аяқталып, картинаның түсірілім тобы толықтай жинақталған. Картина құрамы түсірілім жұмыстарын бастауға дайын.
    -    Біз локацияларды көп іздедік. Ақыры іздегеніміз табылды. Сондай-ақ кастинг-директор екеуіміз басты рөлге қазақстандық барлық актерді қарастырып шықтық. Кітап желісінен алшақ кеттік. Көптеген өзгерістер енгіздік. Сценарийге терең мағына, образдылық қосылды. Меніңше, бұл тек сценарийді жақсартты деп ойлаймын, - деді Фархат Шәріпов.
    Кинодраматург Нұрлан Санжар сценарийге қатысты өз ойын айтты: - Бүгінгі күннің адамы – оның өміріндегі сәтсіздіктері мен қуаныштары киноға тиімді әрі өзекті тақырып. Бұл тақырып тәжірибелі режиссерлерді және режиссерлік жолын енді бастап келе жатқандарды да толғандырып жүр. Киностудияның Эксперттік кеңесінің қоржынында бұндай тақырыпқа жазылған сценарийлер жоқтың қасы. Десек те, «Арман әлемі» сценарийінің авторы келешегінен үміт күттіретін жаңа киножобаны ұсынып отыр.

    Жобаны талқылау барысында түсірілім тобы киімдердің эскиздерін, актерлердің видео және фотопробасын көрсетті. Фильмнің түсірілім алаңдары мен актерлер құрамы бекітілді. Қазақстандық жазушы Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» атты кітабының желісі бойынша түсірілетін «Арман әлемі» фильмінің түсірілім жұмыстары үстіміздегі жылдың наурыз айында басталады. Басты рөлде Қазақстанның танымал театр және кино актері Дулыға Ақмолда. Сондай-ақ фильмге: Ержан Түсіпов, Гүлжамал Қазақбаева, Әсел Калиева, Серік Шәріп, Филип Волошин және басқалар түседі.

    Фильм өз өмірін өзгертуге ұмтылған жігіт туралы баяндалады. Қарапайым да мейірімді жігіт мақсатына жету үшін әдепсіз, өзімшіл, қатыгез адамға айналады. Адамның адалдығына сенуден қалып,  танымастай өзгерген ол достарынан да айырылып, жалғыз қалады. Өмірінің осылайша өзгергенін қаламаған бас кейіпкер жан күйзелісіне ұшырап, ішімдікке салынады. Алайда маскүнемге қол ұшын созғандар табылып, енді ол нық сеніммен жаңа өмірге қадам басады.  

    - Өмірден өз орнын таба алмаған,  әбден түңілген жастарға арналған бұл шығарма қанаттарын кеңге жайып, өмірлерін мәнді де мағыналы етіп өзгертуге шақырады, - деді «Кірпіштер 2.0» кітабының авторы Данияр Сүгіралинов.

    Фильмнің түсіру тобы:
    Режиссері әрі сценарий авторы: Фархат Шәріпов («Қызғылт қоян туралы хикая», «Инопланетяне ни при чем», «Ақ жол»)
    Операторы: Александр Плотников («Қызғылт қоян туралы хикая», «Елбасы жолы», «Қазақ хандығы»)
    Суретшісі: Алексей Шиндин
    Композиторы: Эмиль Досов
    Продюсері: Ержан Ахметов


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2019