• 09.08.2013

    IX Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    2013 жылы қыркүйектің 16-21 жұлдызы аралығында Алматы қаласында ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді. Бұл жөнінде фестивальдің дайындық жұмыстарына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында баяндалды. Мәдени іс-шараға қатысқандар: IX Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Ермек Аманшаев, фестиваль директоры Серік Жұбандықов, арт-директоры Гүлнәр Әбікеева және іріктеу комиссиясының мүшесі Ерлан Нұрмұхамбетов.

     - «Еуразия» кинофестивалі бүгінде әлем кинематографистерінің кәсіби алаңына айналып отыр. Кез-келген кинофестиваль сол елдің кинематография деңгейінің көрсеткіші. ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен отандық кинематография соңғы жылдардағы үлкен табыстарға қол жеткізе алды. Бұл – еліміздегі кино өндірісінің даму үрдісінің, ұлттық кинематографтың өскелең беделінің белгісі, - деді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев.

    Биыл,
    ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне әлемнің түкпір-түкпірінен жіберілген 170-тен астам кинотуындылардан 12 фильм ғана іріктеліп алынды, олардың қатарында: «Милая» (Италия, 2013), «Анри» (Франция, 2012) «Мои сестры» (Германия, 2013), «Ваджда» (Сауд Арабиясы, Германия, 2012), «Не беспокойся, Сара» (Иран, 2013), «Ило Ило» (Сингапур, 2013), «Цикл» (Түркия, 2012), «Стыд» (Ресей, 2013), «В цветении» (Грузия, 2013), «Страсть» (Қырғызстан, 2013), «Зарандуд» (Тәжікстан, 2013) және қазақстандық фильм – «Бауыр» (реж. С.Апрымов, 2013 – фильм Венеция кинофестивалінің бағдарламасына іріктеліп алынды).

    Айта кетсек, ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі халықаралық қазылар алқасының құрамымен өзгешеленбек. Қазылар алқасына жаңазеландиялық жазушы және Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағы» жүлдесін жеңіп алған («Пианино») тұңғыш әйел кинорежиссер, сондай-ақ «Оскар» сыйлығы, Венеция кинофестивалінің «Күміс арыстан» жүлдесінің игері Джейн Кэмпион төрайымдық етпек. Сонымен қатар, қазылар құрамында Канн кинофестивалі сыйлығының иегері («Алтын пальма бұтағы» «Убой» фильмі үшін), белгілі азиялық кинорежиссер, оператор және продюсер Брильянте Мендос, арт-хаус жанры бойынша әлемдегі беделді продюсерлердің бірі, испандық продюсер, режиссер, актер және сценарист Луис Минарро, сондай-ақ белгілі американдық сценарист Дэвид Фрацони төрелік етпек. Дэвид Фрацонидің сценарийі бойынша түсірілген «Гладиатор» фильмі «Оскар» сыйлығын бес номинация бойынша жеңіп алған. Халықаралық қазылар алқасының ең жас мүшесі 29 жастағы қазақстандық Эмир Байғазин.

     - Фестиваль аясында дәстүрлі конкурстан тыс «Ортаазиялық панорама», «Шығыс-Батыс» (батыс кинорежиссері – Джейн Кэмпион және шығыс кинорежиссері – Брильянте Мендосаның ретроспективалары енгізілген) бағдарламалар ұсынылады. Сондай-ақ, World Cinema Fund, ресей киносының күндері және «Қарқынды дамушы қазақ киносы» бағдарламалары бар. Көрермендер халықаралық кинофестивальдердің жүлделеріне ие болған қазақстандық фильмдерді және режиссер Дәрежан Өмірбаевтың ретроспективалық фильмдерін тамашалай алады.

    ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде өтетін тағы бір маңызды іс-шаралардың бірі – жас кинематографистерді қолдап, халықаралық ко-өнімдерін дамытуға бағытталған екінші
    «Қазақстандық киножобалар нарығы» («Казахстанский рынок кинопроектов» /«Spotlight: New Kazakh Cinema»). Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы өткен бірінші «Қазақстандық киножобалар нарығына» 60-тан астам өтінім келіп түскен болатын. Іріктеліп алынған 8 жобаның ішінен Эмир Байғазиннің «Жарасым дәрістері» жобасы үздік деп танылып, Бас жүлдеге –Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қаржылай қолдауына және халықаралық деңгейде танылуына қол жеткізе алды.

    Ал осы жылдың ақпан айында «Жарасым дәрістері» картинасы қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынып, «Үздік оператор» номинациясында «Күміс аю» жүлдесіне қол жеткізе алды. «Еуразия» кинофестивалінің негізгі мақсаттарының бірі – Еуропа және Азия елдерінің продюсерлері арасындағы байланысты нығайту. Биылғы жылы кинофестивальде киноқоры бойынша дөңгелек үстел өткізілмек. Ұйымдастырушысы – Берлин кинофестивалі жанындағы World Cinema Fund содиректоры Винченцо Буньо. Аталмыш киноқор фестивальдерде жүлделі орындарды иелеген жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Дөңгелек үстелге халықаралық жетекші киноқорлары мен Орта Азия және Қазақстан аумағында ынтымақтастық тәжірибесі бар продюсерлер қатысады.

     «Еуразия» кинофестивалі аясында әлемнің жетекші кинематографистерінің қатысуымен дәстүрлі шеберлік кластары ұйымдастырылады. Жас кинотанушылар үшін Францияның белгілі киносыншысы Мэтью Даррас шеберлік класын өткізеді. Даррас мырза Nisi Masa атты жас кинематографистерді қолдауды көздейтін Еуропалық желінің негізін құрушы және белгілі француздық Positif кинобаспасының тұрақты авторы, Канн және Сан-Себастяндегі кинофестивальдердің іріктеушісі. Оның шеберлік кластарына қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері, жас кинотанушылар мен киносыншылар қатыса алады. Сондай-ақ, фестиваль аясында белгілі американдық сценарист, «Еуразия-2013» қазылар алқасының мүшесі Дэвид Фрацони сценарлық шеберлк кластарын өткізеді. Шеберлік класына қатысушылар өнер саласында оқитын жоғары оқу орны студенттері мен кинематографистер арасынан арнайы іріктелініп алынады. Продюсерлік бойынша шеберлік кластарын американдық продюсер «300 спартанцев», «Александр», «Война Богов: Бессмертные» фильмдерін түсірген Джанни Нуннари өткізеді.

     Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі — FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) регламентіне сәйкес жұмыс істейтін, әлемдік кинофестивальдар каталогына енген қазақстандық бірегей кинофестиваль болып табылады. 2012 жылы Ұлыбританияда шығарылған «International Film Guide» атты ақпараттық жинақ «Еуразия» кинофестивалін әлемдегі 35 озық кинофестивальдің тізіміне енгізді. «Еуразия» ХКФ-нің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі болып табылады. Кинофестивальді ұйым¬дас¬ты¬ру және өткізу жұмыстарын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Алматы қаласының әкімдігімен және Қазақстан Кинематографистер Одағымен бірлесе жүзеге асырады.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2019