Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған тырнақалды туындыны көрермендер аса ықылас-ілтипатпен тамашалады. Батыстың БАҚ өкілдері фильмді фестивальдің жаңғырығы деп атап отыр.
«Көрермен фильмді өте жақсы қабылдады. Шын көңілдерімен ұзақ уақыт бойы қол шапалақтады. Басқа көрсетілімдерде ондай болмаған еді. Картинада басты рөлді сомдаған актер Темір Айдарбековтың ойынын журналистер ерекше атап өтті», — деді картинаның продюсері
Анна Качко.
Естеріңізге сала кетсек, 7 ақпанда 63-ші Берлин кинофестивалі өз жұмысын бастаған болатын. Қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» фильмі аталған фестивальдің негізгі байқауына іріктеліп алынды.
Басты жүлдегерлер есімін ертең, 16 ақпанда жариялайтын болады.
Берлин кинофестивалі – «А» класындағы ең ірі және беделді фестивальдердің бірі. Ол – аты әлемге мәшһүр Канн және Венеция кинофестивальдерімен – тең дәрежелі байқау. Осындай деңгейдегі фестивальдің негізгі конкурс бағдарламасына қазақ киносы бұған дейін бір рет қана, 18 жыл бұрын қатысқан болатын. Ол – режиссер
Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі еді (Венеция, 1995 жыл).