• 21.01.2013
    1517

    «А» дәрежелі Берлинале кинофестиваліндегі тұңғыш қазақ киносы

    Берлинале.jpgҚазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған 28 жастағы қазақ режиссері – Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» атты тырнақалды кинотуындысы 63-ші Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынды.

    2011 жылы «Уроки гармонии» жобасы VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде өткізілген «Қазақстандық киножобалар нарығында» үздік деп танылып, «Қазақфильм» киностудиясының қаржылай қолдауына және халықаралық деңгейде танылуына кең мүмкіндік алды.

    Фильмнің түсіру жұмыстары 2012 жылдың шілде айында аяқталды. Бірнеше күннен кейін фильмнің алғашқы кадрлары Сараево қаласында (Босния және Герцеговина) өткен Халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, Work-in-Progress конкурстық бағдарламасында Бас жүлдені жеңіп алды. Көп ұзамай, «Берлинале Әлемдік Кино Қоры» (Berlinale World Cinema Fund) тағайындаған жүлдеге қол жеткізді. Жалпы, бұл фильм – аталмыш Қордың қолдауына ие болған алғашқы қазақстандық жоба.

    Берлин кинофестивалі – «А» класындағы ең ірі және беделді фестивальдердің бірі. Ол – аты әлемге мәшһүр Канн және Венеция кинофестивальдерімен – тең дәрежелі байқау. Осындай деңгейдегі фестивальдің негізгі конкурс бағдарламасына қазақ киносы бұған дейін бір рет қана, 18 жыл бұрын қатысқан болатын. Ол – режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі еді (Венеция, 1995 жыл).

    Биыл Берлин кинофестиваліне қатысуға 3000-нан астам фильм ниет білдірген, олардың көбі – әлемдік және еуропалық кинопремьералар. Қазақстандық «Уроки гармонии» фильмі аталмыш фестивальдің негізгі конкурсына қатысатын Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон сынды көрнекті кинорежисслерлермен бірге бәйгеде бақ сынасады. 63-ші Берлин кинофестивалінің қазылар алқасының төрағалығына қытай режиссері Вонг Кар-Вай («Чунцин экспресі», «Махаббат көңіл күйі», «Ұлы өнерпаздар») тағайындалған.

    Кинофестиваль 2013 жылы 7 және 17 ақпан аралығында өтеді. Басты жүлдегерлер есімін 16 ақпанда жариялайтын болады.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020