• 08.04.2011
    2936

    Елбасы балалық шаққа «саяхат» жасап қайтты

    Ұлықтау күні қарсаңында, кеше кешкілік Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» орталық концерттік залына келді. Осында Мемлекет басшысы үшін «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильмнің тұсаукесерлік көрсетілімі арнайы ұйымдастырылды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген, режиссер Рүстем Әбдірашевтің бұл туындысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік додадағы жеңісіне өзіндік бір тарту болғандай! «Балалық шағымның аспаны» («Небо моего детства») балалық бал дәурені — бүкіл өмір майданға байланған шаққа және соғыстан кейінгі «тар жол, тайғақ кешу» жылдарына тұспа-тұс келген баланың тарихы. Ал баланың аты — Нұрсұлтан!

    Жалаңаяқ жар жағалап, қызылаяқ қырға көтерілген, «қыр гүлімен бірге өскен, қыр желімен бірге ескен» шіркін бал дәурен, еске түскенде, Елбасының өзін елжіретпей қоймады. Басты рөлді - Нұрсұлтанның рөлін алматылық Елжас ойнайды, бір қызығы, синематограф сынды салмақты салада емес, балалық өмірдегі ойыны қанбаған бес жасар балдырғанды, түсірілім арасында үлкен үзілістер орнағанда, сахна алаңында ұстап тұру үшін алдарқатам деп, оператор ассистенті И.Зайцевтің әбден зықысы шыққан деседі. Бірақ балақай бәрін өнерімен асыра өтеген! Картинада алғашқы жауған қардай аппақ арман, тас бұлақтың суындай сыңғырлаған балалық сезімдер мөлдіретіп түсірілген. Кадрден-кадрге жібектей есілетін шуақты нұр бойға тарап, сезімнің нәзік қылын діріл қаққызады. Бұл жерде режиссердің батылдығы мен тапқырлығына қол соғуға да болатындай. Әлемге танымал саяси тұлға туралы фильм түсіру қиынның-қиыны болса керек. Киноны конъюктуралық реңкке бояп, аяқастынан саясат қажетіне қиюластырып жіберу көрерменнің көңілін қалдырары сөзсіз. Ал сценаристер де, режиссер де көркем туындының табиғатын тауып, тамыр жаяр өзегін тап басқанға ұқсайды. Мәселен, фильмде 1945 жылдың 9 мамыры суреттеледі. Жеңіс жарияланған күнгі бүкілхалықтық думанның дүбірін көрерменнің көз алдына әкелу үшін «массовкаға» мыңға тарта адам жұмылдырылған екен. Олар үшін 40-шы жылдардағы әскери костюмдер арнайы тігіліпті. Енді сол күні Шамалған ауылында не өткенін фильм саяси сауатты ересектердің емес, бала көзімен көрсетеді. Тағы бір қызықты дерек: қазіргі Шамалғанның ажары сол кезден бері адам танымастай құлпырғаны мәлім. Сондықтан шындыққа жақын болу үшін бұл сюжеттерге Алматы облысының Дегерес ауылы таңдалыпты. Жалпы, қақаған қыста — ақпан айында басталған кино түсіру жұмыстары, негізінен, Үшқоңырда жүрген (болашақ Елбасы алты жасқа дейін сол жерде тұрғанын білерсіз).

    Екі жыл бойы туындыны түсіру барысында біраз қызықты оқиғалар болыпты. Сюжет бойынша Үшқоңырда кішкентай Нұрсұлтан ақсақалдан (актер Сәтімжан Санбаев) аң аулауды үйренеді. Фильмде шын қасқыр қатыстырылған екен, өзінен адамдардың нені талап ететінін түсінбей, дал болса керек, бірде ол қасқыр дәл түсіріп жатқан кезде, қашып кетіпті. Содан оны іздеп табуға бірнеше күн кеткен. Тағы бірде, түні бойы жергілікті малдардың түсіру алаңында сайран құрғаны анықталыпты: олар шөп маясын жеп кетіпті. Содан көркемдеушілерге тездетіп декорацияны қайта қалпына келтіруге тура келген деседі. Фильмнен көрермен ұлт мақтанышы Бибігүл Төлегенованың да ойынын тамашалай алады.

    Бұл картинаның негізіне Нұрсұлтан Назарбаевтың үш кітабындағы балалық шақ туралы естеліктері қаланыпты. Фильмді жасаушылар пешенесіне келешекте Қазақстанның негізін қалап, тәуелсіз республика құру жазған кішкене балақайдың тұлғасы мен мінезі қалай қалыптасқандығын шынайы көрсетуге тырысқан көрінеді. Олар бұл мақсат үдесінен шыға алған ба? Бұған ағайын, енді өзіңіз төресіз!

    Фильмнің кинотеатрлардағы кеңінен көрсетілімі 14 сәуірден басталады деп күтілуде.

    Айхан Шәріп

    Небо моего детства Небо моего детства Небо моего детства
    Небо моего детства Небо моего детства Небо моего детства


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020