• 03.03.2012

    2012 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ прокатқа 10 кинотуындыны шығарады

    15 наурызда Ерлан Сағыновтың жастарға арналған "Армандастар" фильмі жарыққа шығады. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының әлемде теңдесі жоқ халықаралық «Болашақ» стипендиясы - жүлдегерлерінің өмірбаянын арқау еткен, шынайы оқиғалар желісіне құрылған фильм.

    Сәуір айының басында Тоқтар Қарсақбаевтың "Качели любви" атты мелодрамасы көрерменге жол тартады. Фильмнің желісіне келер болсақ, азаматтық борышын өтеп, әскерден оралған жас жігіт сүйіктісінің зорлықпен күйеуге шыққанын біледі. Фильмде «Санта-Барбара» хикаясында Мэйсон Кепвелдың рөлін сомдаған американдық актер Лэйн Дэвис ойнайды.

    Жылдың ең ірі, әрі көп күттірген жобасы -Ақан Сатаевтың "Жаужүрек: 1000 бала" тарихи драмасы (бұған дейін "Мың бала" деген жобалық атаумен белгілі болған) 2012 жылдың сәуір айының соңында жарыққа шығатын болады. Фильм жоңғар шапқыншылығына қарсы Отанын қорғауға бел буған қазақ бозбалаларының ерлігі жөніндегі аңызға негізделген. Түсірілімінің алғашқы күнінен бастап-ақ бұл картина шетел бұқара ақпарат құралдарының назарында болды. Фильм жайында BBC World News, Reuters, Time, Screen International, The Los Angeles Times, The Independent, Sight&Sound, London Evening Standard, Hollywood Reporter сияқты басқа да танымал басылымдар мен телеарналардан айтылды. Кастингке еліміздің түкпір-түкпірінен 22 мың адам қатысты. Нәтижесінде, басты рөлдерге жас актерлар Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергенов, Әлия Телебарисова («Жас Ұлан», «Арман қала») және Құралай Анарбекова («Менің күнәлі періштем») бекітілді. Фильмде Әбілқайыр ханның рөлін сомдайтын Берік Айтжанов («Ликвидатор», «А-ға» оралу»).

    Түрлі эффектілерге толы "Книга легенд: таинственный лес" атты Қазақстанның тұңғыш фэнтези фильмі үлкен экрандардан 23 мамырдан бастап көрсетіле бастайды. Бұл Ахат Ыбыраевтың алғашқы режиссерлік жұмысы. Батыстың «Хроники Нарнии» және «Властелин колец» сынды фильмдерді тамашалаған ол, «Книга легенд» фильмін түсіруді мақсат еткен. Фэнтезиге Фархад Әбдірайымов («Қызғылт қоян туралы хикая», «Махаббат тәлкегі»), Санжар Мәдиев («Қызғылт қоян туралы хикая»), Жанна Қуанышева («Астана-махаббатым менің», «Тоғысқан тағдырлар»), Жан Байжанбаев («Жоюшы», «Серпін»), Дәулет Әбдіғапаров («Жоюшы», «Балалық шағымның аспаны») секілді отандық кино жұлдыздары түсті.

    "Аңшы бала" фильмі маусым айында прокатқа шығады. Картинаның режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов. VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Нөсер алдында» фильмі үздік деп танылған болатын. «Аңшы бала» фильмі қаладан ауылға қыдырып келіп, дала оқиғаларын бастан өткізетін бала туралы баяндайды.

    Балаларға арналған тағы бір туынды - "Меч победы" фильмі тамыз айында жарыққа шығады. Фильмнің желісіне келер болсақ, мектеп оқушысы тылсым ескі қылыш тауып алады. Осы қылышты іздеген батыр мен жонғар әскерлері өткен ғасырлардан біздің заманымызға өтіп кеткенде қызықтың бәрі осы жерден басталады. Фильмде жас актерлармен қатар Әзіз Бейшеналиев («Мұстафа Шоқай», «Махаббат тәлкегі»), Болат Қалымбетов («Кеш келген махаббат», «Секер») секілді танымал актерлер ойнайды. Фильмнің режиссері Әнуар Райбаев.

    Қыркүйек айында "Жол" («Путь боксера») атты спорт драмасы көрермен назарына ұсынылады. Асқар Ұзабаев пен Фархат Шәріпов қолға алған жобада көшедегі төбелестерден кәсіпқой боксшыға айналған чемпионның спорттағы өмірі суреттеледі. Ең қызығы, фильмге шынайы боксшы – чемпиондар да қатысқан екен. Картинадағы кейбір төбелестер Астана қаласында өткен кәсіби жарыстар кезінде түсірілген екен. Басты рөлдерде: Назар Сұлтанбеков, Ержан Түсіпов («Ка мырза, Сіз кімсіз?»), Ерік Жолжақсынов(«Афалина секірісі», «Махаббат тәлкегі») және Фархат Әбдірайымов (Фара).

    «Разлучница», «Голубиный звонарь» және «Жылама» атты авторлық кинотуындыларымен танылған белгілі режиссер Әмір Қарақұлов өзінің алғашқы коммерциялық жобасы -"Виртуальная любовь" романтикалық фильмін ұсынады. Ғаламтор желісіндегі махаббат оқиғасын баяндайтын картинада Бибігүл Сүйіншалина («Астана-махаббатым менің»), ресейлік актер Артур Смольянинов («9-я рота», «Мой парень-ангел») ойнайды. Фильм қазан айында жарыққа шығады.

    Балаларға тағы бір тосын сый. 2012 жылдың қараша айында қазақтың халық ертегісінің желісі бойынша түсірілген, Қазақстанның алғашқы толықметражды "Ер Төстік пен АйдаҺар" анимациялық фильмі прокатқа шықпақшы. Қазақ фольклор кейіпкерлерін 3D форматына салып, анимациялық туындыны дүниеге алып келген еліміздің ең үздік компьютерлік графика мамандары мен аниматорлар. Фильмді түсіруде "motion capture" заманауи технологиясы (актерлердің қимыл-әрекетін анимацияға айналдыру) қолданылған.

    "Охота за призраком" фильмі – экшн жанрындағы ғылыми фантастика элементтері бар туынды. Фильм желтоқсан айында жарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Басты рөлдердің бірі — ер жүрек полицейді сомдаған Санжар Мәдиев, ол хакерді қолға түсірмек болады. Хакердің рөлін сомдаған ресейлік әнші Алла Пугачеваның немересі Никита Пресняков. Басты кейіпкерлерге бөгет жасап, олардың жолын кескен Раш есімді арудың рөлін сомдаған голивудтың танымал жұлдызы, «Терминатор -3» фильмі арқылы танылған актриса Кристанна Локен. Сонымен қатар, фильмде Голливудтың тағы да бір жұлдызы Арманд Ассанте («Одиссей», «Гангстер», «Короли мамбо»)және отандық актриса Әсел Сағатова ойдайды. Картинаның режиссері - Марина Құнарова.

    2012 жылы прокатқа шығатын фильмдердің тізімі

     

     

    Фильмнің аты

    Жанры

    Прокатқа шығатын күні

    1.

    «Армандастар»

    Мелодрама

    15 наурыз

    2.

    «Качели любви»

    Мелодрама

    05 сәуір 

    3.

    «Жаужурек 1000 бала»

    Тарихи драма

    26 сәуір

    4.

    «Книга легенд: Таинственный лес»

    Балаларға арналған фэнтези

    23 мамыр

    5.

    «Аңшы бала»

    Балаларға арналған фильм

    21 маусым

    6.

    «Меч победы»

    Балаларға арналған фильм

    23 тамыз

    7.

    «Жол»

    Драма

    қыркүйек

    8.

    «Виртуальная любовь»

    Мелодрама

    қазан

    9.

    «Ер Төстік пен Айдаһар»

    Анимациялық фильм

    қараша

    10.

    «Охота за призраком»

    Экшн

    желтоқсан

    Назар салыңыздар! Тұсаукесер күндері өзгеруі мүмкін. Ол жайында киностудияның сайтында және ресми блогтарда (facebook, twitter, vkontakte, kazakh.ru) хабарланатын болады.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2019