• 31.12.2021
    273

    Модернизация шеңберінде сатып алынған кино жабдықтар «Қазақфильмге» жеткізілді

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Алдағы үш жылға жоспарланған модернизация бағдарламасы шеңберінде сатып алынған заманауи түсірілім техниканың бір бөлшегі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына жеткізілді.

    Айта кетсек, бүгінгі күні қолданыстағы ең танымал кинокамералардың бірі  - ARRI ALEXA Mini LF камерасының бес данасы киностудияға жеткізілді. Бұл камералар түсіріп алған материалды арнайы сымсыз-ақ тасымалдауға болатын Teradek Bolt 4K атты құрылғымен, Sachtler штативтермен және басқа да құралдармен жабдықталған.

    Сондай-ақ ерекше үлгідегі жоғарғы сапалы Phantom Flex 4K камерасы сатып алынды. Секундына 1000 кадрға дейін түсіруге мүмкіндігі бар бұл камера Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Орта Азиядағы ең алғашқы және жалғыз камера.

    Одан бөлек, киностудияға қашықтықта радиобасқару арқылы жүзеге асатын ARRI тұрақтандырғыш қондырғысы, түрлі жарық эффектілері бар ARRI SkyPanel-120 жарық құралы жеткізілді. Киностудияның техникалық бөлімі мамандарының айтуына қарағанда, бұл құрылғылар Орта Азия мемлекеттеріне  жеткізілген алғашқы құрал-саймандар екен.  

    Жалпы киностудияға жеткізілген басқа да құрал-жабдықтардың қатарында 11 метр биіктікке 500 кг салмақта жүкті көтере алатын OXLIFT гидравликалық жүк көтергіші, Францияның DEBRIE компаниясы шығарған кинопленканы ультрадыбыс арқылы тазалау машинасы, серверлік жүйе, монтаж үстелдері бар.

    Сонымен қатар, анимацилық фильмдер өндірісіне қажетті жабдықтар сатып алынғанын айта кету керек. Нәтижелі жұмыстар жүргізу үшін графикалық планшеттер мен мониторлар алынды.

    Одан бөлек, аниматорлардың жұмысын жеңілдетуге арналған, қозғалысты сандық жүйеге келтіретін Motion capture Xsens MVN иннерциялық жүйесі сатып алынды. Бұл жүйе арнайы датчиктері бар костюмдер және  MVN Animate бағдарламасымен жабдықталған.

    Киностудияның өкілдері модернизация шеңберінде сатып алынған барлық техника толығымен 2022 жылдың қаңтар айының соңына дейін жеткізілетінін айтты. Сондыөтан «Қазақфильм» киностудиясы ақпан айында құрал-жабдықтардың презентациясын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл айтулы іс-шараға еліміздің барлық кинокомпаниялардың өкілдері шақырылатын болады. Ал биыл жеткізілген техниканы қаңтардың ортасынан бастап жалға алуға әбден болады.

    Модернизация шеңберінде қызметкерлердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Қазақфильмнің» ғимараттарында кіруді бақылау және басқару жүйесі (СКУД жүйесі), сондай-ақ киностудия тарихында алғаш рет «Қазақфильмнің территориясында 100-ден астам бақылау бейнекамералары орнатылды.

    Техникалық жаңарудан бөлек киностудияның модернизациясы шеңберінде ғимараттар мен бөлмелерді, инфраструктураны (техникалық құрылыстар, жүйелер және т.с.с.) қайта жаңғырту сынды жұмыстар, кино өндірісіне қажетті арнайы көліктерді сатып алу, корпоративтік жүйені қайта ұйымдастыру, бірнеше кезеңде сандық жүйеге ауысу және басқа да іс-шаралар жоспарланған.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020