• 21.11.2021
    99

    «Қазақфильмнің» өкілдері «Листопад» кинофестиваліне қатысуда

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Минск қаласында XXVII Халықаралық «Листопад» кинофестивалі өз жұмысын бастады. Биыл байқау «Кино – бірлік симфониясы» ұранымен өтіп жатыр.

    Фестивальдің жұмыстарына қатысу үшін арнайы сапармен барған «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев бүгін «Листопад» кинофестивалі аясында өткен дөңгелек үстелге қатысты. ТМД елдері киногерлері өкілдерінің қатысуымен өткен бұл басқосуда бірлескен фильмдерді түсіру, сондай-ақ ТМД елдерінде ортақ кинопрокат жүйесін құру туралы мәселелер талқыланды.

    Айта кетсек, бүгін кешкі сағат 20:00-де (Минск қаласының уақыты бойынша) «Целиный» кинотеатрында «Листопад» кинофестивалі аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Sataifilm кинокомпаниясы бірлесіп түсірген «Томирис» фильмінің арнайы көрсетілімі өтеді. Тарихи кинотуындыны фильмнің режиссері Ақан Сатаев пен басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын таныстыратын болады.

    Қарашаның 26-на дейін жалғасатын «Листопад» кинофестивалі барысында көрермендерге 45 елден 100-ден астам фильм (көркем және деректі фильмдер) ұсынылатын болады. Фестивальдің басты байқауында 13 көркем фильм бақ сынайды, олардың қатарында отандық режиссер Айжан Қасымбек түсірген «От» фильмі де бар. Аталған байқаудың қазылар алқасының төрағасы белгілі Ресей режиссері әрі продюсері Ренат Давлетьяров.

    Ертең, қарашаның 22-де фестивальдің конкурстан тыс бағдарламасы аясында «Беларусь» кинотеатрында «Әміре» фильмінің көрсетіледі. Туындының режиссері Джефф Веспа.

    Сондай-ақ ертең Киностудиялардың басшылары кеңесі шеңберінде кинематография саласында ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қою рәсімі өтеді.  Бұл шараға 9 киностудияның басшылары қатысады.

    «Қазақфильм» делегациясының құрамында киностудияның вице-президенті Айдархан Әділбаев және өндіріс бөлімінің басшысы Арууана Серікбаева бар.

    1994 жылы Минск қаласында алғаш рет өткізілген «Листопад» кинофестивалі 2002 жылға дейін ТМД және Балтық елдерінің халықаралық кинофестивалі болып өткізілгенін айта кету керек. Биыл фестиваль Ұлттық «Беларусьфильм» киностудиясының ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020