Жас режиссер Райымбек Әлжановтың «Мерген» қысқаметражды фильмі Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен халықаралық кинофестивальде «Үздік триллер» жүлдесіне қол жеткізді. Бұл туралы кинотуындының продюсері Бану Рамазанова өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
- Біздің фильм Қытайда өткен фестивальде «үздік триллер» жүлдесімен марапатталды. Шын жүректен картинаның барлық түсіру тобын құттықтаймын, - деп жазды продюсер.
2013 жылы негізі қаланған бұл халықаралық байқауға әлемнің жас киногерлері қатыса алатынын айта кеткен жөн. Фестиваль шеңберінде қысқаметражды және толықметражды деректі, көркем фильмдермен қатар, телевизиялық жобалар да көрсетіледі.
Еске сала кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген кинотуындының оқиғасы XVII ғасырдағы Ұлы даладағы соғыс кезінде өрбиді. Аталған фильмде жас та болса, қолына қару алып, отбасын қоғауға бел буған Мерген есімді баланың өмірі баяндалады.