• 15.09.2021
    13

    «Уақыт жолдары» фильмі отандық прокатқа шығады

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы

    Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Уақыт жолдары» фильмі 2021 жылы 23 қыркүйекте отандық прокатқа шығады. Фильмнің режиссерлері – Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такэба  (Жапония).

    Осыған орай бүгін «Қазақфильм» киностудиясында БАҚ өкілдеріне арналған көрсетілім және кинотуындының прокатына байланысты баспасөз отырысы өтті. Іс-шараға фильмнің режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов, сондай-ақ Франциядан Zoom арқылы  картинаның продюсері Юлия Ким қатысты.

    Айта кетсек, өндірісіне «Қазақфильм» және жапондық Tokyo New Cinema компаниясы атсалысқан «Уақыт жолдары» фильмінде тыныш өмірінің шырқын бұзып, барымташылар отағасын аяусыз өлтірген отбасы туралы баяндалады. 

    - Жапондық режиссермен Канн кинофестивалінде таныстым. Бұл фестивальге Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер университетінің атынан қатысқан едім. Режиссерге фильмнің сценарийі туралы айтып бердім, оған картинаның желісі бірден ұнады. Кейін телефон арқылы байланысқа шықтық, ол мені жапондық продюсермен таныстырды. Нәтижесінде «Қазақфильм» киностудиясының қолдауын тауып, фильмнің түсіріліміне кірістік, - деді режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов.    

    Фильмнің продюсері Юлия Ким кинотуындының қандай фестивальдерге қатысқаны туралы айтып берді. Оның айтуынша «Уақыт жолдары» фильмі ең алғаш  2019 жылы Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі – халықаралық Бусан кинофестивалі шеңберінде көрсетілген. Ал былтыр аталған туынды Токиодағы халықаралық кинофестиваль шеңберінде көрсетіліп, Жапонияда прокатқа шыққан екен. Сондай-ақ фильм Göteborg International Film Festival атты Скандинавиядағы ең ірі фестивальде  көрсетілді. Одан бөлек фильм Гонконг, Прага, Барселона, Нью-Дели, Хельсинки, Торонто, Коттбус, Женева сынды басқа да қалаларда өткен фестивальдерге қатысты. 2021 жылы 29 маусымда «Уақыт жолдары» фильмі Францияда прокатқа шығып, 20-дан астам қалаларда көрсетілді.

    Айта кетсек, фильмде басты рөлдерді Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова, танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда және жапондық актер Мирай Морияма, ал әкесін жоғалтқан баланың рөлін Мәди Минайдаров есімді жас актер сомдады.

    Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов жапондық актердің еңбекқорлығы мен жауапкершілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша Мирай Морияма түсірілімдер басталмай жатып Жапонияда қазақ тілін үйрене бастаған. Сондай-ақ ол қазақстандық каскадерлермен кеңес ала отырып, атқа отыруды үйренген.

    Қазан айында Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген фильм сандық TV+ телеарнасы арқылы көрсетілетін болады.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020