Бүгін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев Қазақстанның жетекші университеттерінің бірі — AlmaU-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою аясында жаңа форматтағы Media & Film School мектебінде тегін білім алу үшін арнайы білім грантын табыстады.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында дарынды жастарды жан-жақты қолдауды және оларға жоғары оқу орындарына түсуге гранттар беруді ұсынды. Осыған байланысты AlmaU мен «Қазақфильм» киностудиясы бірлесе отырып, New Media және Digital Film Making бағдарламалары бойынша 5 білім грантын тағайындады. Бүгін киностудияның атынан бір білім грантын үлкен қуанышпен табыстап отырмын. Бұл іс-шара дәстүрге айналатынына сенімдімін, - деді Ақан Сатаев.
Байқау нәтижесі бойынша ең көп балл жинаған Алуа Құлжабаева 4 жылдық оқуға арналған 100% грант иегері атанды. Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының түлегі кішкентай кезінен кино әлеміне қызығушылық танытып, сол себепті Media & Film School мектебіне түсуге шешім қабылдаған екен.
«Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев пен AlmaU ректорының м.а. Гүлнар Күренкеева Алуаны құттықтай отырып, оған білім грантын табыстады.
- «Қазақфильм» киностудиясының грантын ұтып алғаныма өте қуаныштымын. Мен үшін грантты Ақан Сатаевтың қолынан алу үлкен мәртебе», - деп, қуанышымен бөлісті грант иегері.
Еске сала кетейік, Алматы менеджмент университеті (AlmaU) мен «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ атсалысуымен Алматы қаласында жақында жаңа форматтағы медиа және кино мектебі (Media & Film School) ашылған болатын. Айта кетсек, бірінші курс студенттерінің сабақтары 13 қыркүйекте басталады.
AlmaU — Cintana Education Альянсының мүшесі және Arizona State University ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті бірге жүзеге асыратын серіктесі.