• 15.10.2020
    128

    «Қазақфильм» киностудиясында продюсер Тәңірберген Хажиевке естелік тақта ашылды

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы

    Бүгін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында орналасқан «Жұлдыздар аллеясында» 2015 жылы өмірден озған белгілі продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тәңірберген Хажиевке естелік жұлдыз орнатылды.

     

    Салтанатты шараға естелік жұлдыздың ашылуын ұйымдастырған Тәңірберген Хажиевтің туыстары, достары мен шәкірттері, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы мен ұжымы қатысты.

     

    - Бүгін мен және менің отбасым үшін, сондай-ақ Тәңірбергенді білген барлық жақындарымыз үшін өте маңызды күн. Оның 70 жылдығына орай киностудияда естелік тақтасы орнатылғанына қуаныштымын. Ол «Қазақфильмге» 1974 жылы келіп, алғашқы күннен бастап кинематографты шын жүректен сүйді. «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаевқа, Тәңірбергеннің достарына, әріптестері мен барлық шәкірттеріне үлкен алғысымды білдіремін, - деді продюсердің жұбайы Құрманай Хажиева.

     

    «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Айдархан Әділбаев өз сөзінде Тәңірберген Хажиевтің отандық кинематографияның дамуына қосқан жеке үлесін атап өтті: «Тәңірберген Ыбырайұлы бар саналы ғұмырын қазақ кино өнеріне арнаған болмысы бөлек, жаны жайсаң азамат еді. Ардақты ағамыз 20-дан астам толықметражды көркем фильмдерді, оның ішінде «Қан мен тер», «Шоқан Уәлиханов» сынды күрделі туындыларды және басқа да кинокартиналардың дүниеге келуіне атсалысты. Біз Тәңірберген ағамыз сынды қазақ кино өнерінің дамуына айрықша үлес қосқан көрнекті кино қайраткерлерін еске алып, құрметтеуіміз керек».

     

    Сондай-ақ естелік тақтаның ашылуында продюсердің әріптестері мен достары: Лаврентий Сон, Орал Жүнісов, Нұрлыбай Есімғалиев, Ертай Рахманбердиев, Рүстем Одинаев, Сәбит Құрманбеков, Рафат Бегішев, Ерлан Төлеутай және басқалары сөз сөйледі. Олар Тәңірберген Хажиевті ризашылықпен еске алып, оның қарапайымдылығын, адамгершілігі мен жоғары кәсібилігін атап өтті.

     

    Осы іс-шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан продюсердің шәкірттері Т.Хажиев еліміздегі продюсерлік киноның негізін қалаушылардың бірі болғанын айтты. Тәңірберген Ыбырайұлы сондай-ақ қазақ бөлімі студенттерінің оқуын біршама жеңілдеткен үш бірдей оқулықты жарыққа шығарғанын айта кеткен жөн.

     

    Естелік тақтаны ашу құрметі «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Айдархан Әділбаев пен жас продюсер, Т.Хажиевтің шәкірті Жансерік Шонаұлына берілді.

     

    Рәсімнің соңында іс-шараға қатысушылар мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020