• 28.01.2020
    1048

    Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмі Швеция кинофестиваліне қатысып жатыр

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы

    Режиссерлері Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такэбаның (Жапония) «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмі 24 қаңтар – 3 ақпан аралығында Швецияда өтіп жатқан 43-і Халықаралық Гётеборг кинофестивалінің бағдарламасына қатысуда. Фильмді Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген. Қазақстан тарапынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жұмыс істесе, жапон тарапынан – «Tokyo New Cinema» компаниясы.

     

    Фильмде, тыныш өмірінің шырқын бұзып, барымташылар отағасын аяусыз өлтірген отбасы туралы баяндалады. Марқұмның 12-жасар баласы Олжас, барымташылардың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасыларына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге кешеді. Қорғансыз қалған Олжастың отбасына ғайыптан пайда болған бөгде біреу қол ұшын созады.

     

    Кинотуындыны түсіру барысында тәжірибесі мол интернационалды топ жұмыс істеді, олар: «Жаңғақ тал» фильмі үшін 20-шы Бусан кинофестивалінің «New Currents» бағдарламасында үздік атанып, бас жүлдені иемденген режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан), фильмнің  сорежиссері Лиза Такэба (Жапония), жапондық продюсер Сёдзо Ишияма (Такеша Китано, Цзя Джангке, Хоу Сяосяня сынды танымал режиссерлер түсірген фильмдердің продюсері),  продюсер Юлия Ким (Қазақстан/Франция), қоюшы операторы Берлин кинофестивалінде «Асланның сабақтары» фильмі үшін «Күміс Аю» жүлдесімен марапатталған Әзиз Жамбакиев (Қазақстан).

     

    Фильмде басты рөлдерді Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова (Қазақстан), танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда және жапондық актер Мирай Морияма сомдайды. Әкесін жоғалтқан баланың рөлін Мәди Минайдаров есімді жас актер ойнайды.

            

    Естеріңізге салайық фильмнің әлемдік тұсаукесері былтыр, Азиядағы ең ірі кинофестивальдің бірі – халықаралық Бусан кинофестивалінде болды. Нұрмұхамбетовтың картинасы фестивальдің ашылу және жабылу салтанаты өтетін, сыйымдылығы бес мың адамдық Оңтүстік Кореяның ең үлкен экраны – Busan Cinema Center орталығында фестивальді ашқан.

     

    «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмі 2020 жылдың 18 қаңтарынан бастап Жапонияда прокатқа шықты. Фильмнің Жапониядағы тұсаукесері былтырТокиодағы халықаралық кинофестивалінде өткен болатын.

     

    Халықаралық Гётеборг фестивалі 40 жылдан бері өткізілетін қазіргі таңда Скандинавиялық мемлекеттердің ең ірі кинофестивалі және жыл сайын өтетін скандинавиялық киноиндустрияның маңызды оқиғасы. Жыл сайын шамамен 160 000 қонақ тартатын биылғы кинофестивальде әлемнің 80 мемлекетінен 450 фильм көрсетіледі.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020