• 23.01.2020
    547

    Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы/Хранитель» фильмдерінің тұсаукесерлері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында аншлагпен өтті

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы

    Бүгін, 23 қаңтарда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Tursunov Film  компаниясы қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған  режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы/Хранитель» атты көркем фильм ұлттық прокатқа шығады.

     

    Нұр-Сұлтан (20.01.2020 ж.) және Алматы (22.02.2020 ж.) қалаларында аншлагпен өткен фильмнің тұсаукесеріне еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты, олардың қатарында: халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, ҚР Парламенті Сенаты комитетінің төрағасы  Мұхтар Кұл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеубек Мұқашев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары Ермек Аманшаев, «Атамекен» ҰҚП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Есет Қосубаев, ТЮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасеинов, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор  Мұқаметқали Сатов,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезов, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабакумаров, Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев, ҚР ақпарат жән қоғамдық даму министрі Дәурен АбаевҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айгүл Шайымова, «Хабар» агенттігінің Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин және басқалары қатысты.

     

    Бұл кинотуындыны көпшілік көрермендерге картинаның қоюшы режиссері Ермек Тұрсынов, продюсері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребай, актерлер: Мұрат Мұқажанов, Ерболат Тоғызақов және ҚуатТлеубаев, сондай-ақ «Қазақфильм» АҚ президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов таныстырды.

     

    Нұр-Сұлтандағы Kinopark 9 IMAX Saryarka және Алматыдағы «Арман» кинотеатрларында табысты өткен тұсаукесерден кейін көрермендер ұзақ уақыт қол соғып, фильмнің түсіру тобына алғыстарын және ерекше ықылас-ілтипаттарын білдірді. 

     

    Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде бірден әсерлі оң пікірлер жарияланды. Мысалы, белгілі жазушы Смағұл Елубай өзінің Facebook парақшасында былай деп жазды: «Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмін көріп шықтық. Ұнады. Қарапайым ауыл адамдарына деген үлкен махаббатпен түсірілген екен! Үлкен гуманистік пафоспен! Ермек жарайсың!».

     

    «Миға, жүрек пен жанға дәру болатын өте пайдалы кино», - деп жазады белгілі кәсіпкер және блогер Дана Орманбаева.

     

    «“Шырақшы” – кино десе ішер асын жерге қоятын және өмірді сүйетін адамдар туралы Ермек Тұрсыновтың  шын көңілден және кәсіби деңгейде жасалған туынды. Фильмді өте жеңіл көресің әрі ұмытылмас әсер қалдырады. Атмосфералық кино туралы айтар болсақ, бұл нағыз соның өзі. Міндетті түрде көріңіздер деп кеңес беремін!», - деп жазды кинотанушы Дана Әмірбекова.

     

    «Тұрсыновтың киноларын қарап отырсаң табиғатқа, қазақтың дархан даласына ғашық болып отырасың. Және ол режиссердың актерларды ойната алуы да бір ерекшелік. Яғни, ол актер таңдаудан ешқашан шатасқан емес. Диалогтары да құлаққа түрпідей тимейді. Кинода ой да, әзіл де, қазақы қалжың да, ешкімге жараспайтын жалғыздық та бар», -  деп жазды журналист  Эльенора Әмір өзінің Facebook-тегі парақшасына.

     
    Ал Арнұр Жуманияз есімді көрермен өзінің  Instagram-дағы парақшасына: «Алған әсерім көп. Көруге кеңес беремін. Ойлануға итермелейтін, керемет туынды»,  деп жазды.
     

    Естеріңізге сала кетсек, «Шыракшы» фильмі   Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Фильмнің идея авторы белгілі актер марқұм Меңтай Өтепбергенов. 

     

     Фильмдегі басты рөлді 70 жастағы кәсіби актер Мұрат Мұқажанов сомдады, ал оның жас кезін Қуат Тлеубаев (сондай-ақ ол фильмнің қоюшы суретшісі) ойнап шықты. Одан бөлек, бұл картинаға Ресейдің халық артисі, театр және кино актрисасы Нина Усатова түсті (жесір әйелдің  рөлінде).

     

     Фильмнің негізгі түсірілімдері Алматыда, Талғарда және Жаркент қаласының маңында жүргізілді. Ұлы Отан соғысының көріністері Венгрияның астанасы - Будапешт қаласында түсірілді.

     

     Кинотуындының әлемдік тұсаукесері 2019 жылы маусым айында XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында  өтті (Қытай). Айта кетсек, бұл беделді фестивальдің негізгі  бағдарламасына отандық туынды алғаш рет қатысып отыр.

     

     Сондай-ақ туынды Анапада өткен «Киношок-2019» фестиваліне қатысып, басты рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов  А.Княжинский атындағы «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды.  Былтыр қараша айында Ресейде өткен Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінде бұл фильм «Үздік фильм» жүлдесіне және «Үздік әйел адамның рөлі» (ресейлік актриса Нина Усатоваға бұйырды) жүлдесіне ие болды.  

     

     Одан бөлек, «Шырақшы» фильмі АҚШ-та өткен Asian World Film Festival және Бангладеште өткен Dhaka International Film Festival  кинофестивальдеріне қатысып, Франция мен Монғолияда Қазақстан киносы күндері аясында көрсетілген болатын. 

    «Шырақшы» фильмінің Қазақстан аумағындағы  прокатын «Меломан» компаниясы жүзеге асырады.

     

     

    Өндірісі: Ш.Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ, Tursunov Film ЖШС

    Сценарий авторы: Ермек Тұрсынов 
    Қоюшы режиссері: Ермек Тұрсынов 
    Қоюшы операторы: Мартин Сечанов 
    Қоюшы суретшісі: Куат Тлеубаев 
    Композиторы: Қуат Шілдебаев
    Продюсері: Қанат Төребай 
    Рөлдерде: Мұрат Мұқажанов, Қуат Тлеубаев, Нина Усатова, Ерболат Тоғызақов, Әлібек Данабай



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020