• 21.01.2020
    67

    Нұр-Сұлтан қаласында Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы/Хранитель» фильмінің тұсаукесері өтті

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы

    Қаңтар айының 20-шы жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласындағы Kinopark 9 IMAX Saryarka кинотеатрында «Шырақшы/Хранитель» атты жаңа фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл кинотуындыны астаналықтарға картинаның қоюшы режиссері Ермек Тұрсынов, продюсері Қанат Төребай, актер Мұрат Мұқажанов, сондай-ақ «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсенов таныстырды. Фильм 2020 жылы 23 қаңтарда отандық прокатқа шығады.

     

    ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Tursunov Film  компаниясы қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шыракшы» фильмі   Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады.

     

    - Фильмнің басты кейіпкері ауыл аралап, фильмдерді көрсетіп жүрген қарапайым адам емес, оның кинопроекторы – шырақтың және өткен күннен естеліктің нағыз символы. Осылайша, ел арасында жарық нұрын шашып жүретін «Шырақшы» пайда болды. Осы фильмді тамашалаған әр көрермен өз шырақшысын еске түсірер деп ойлаймын, - деді режиссер Ермек Тұрсынов.

     

    Фильмдегі басты рөлді 70 жастағы кәсіби актер Мұрат Мұқажанов сомдады, ал оның жас кезін Қуат Тлеубаев (сондай-ақ ол фильмнің қоюшы суретшісі) ойнап шықты. Одан бөлек, бұл картинаға Ресейдің халық артисі, театр және кино актрисасы Нина Усатова түсті (жесір әйелдің  рөлінде). 

     

    Айта кетсек, фильмнің идея авторы марқұм Меңтай Өтепбергенов. Режиссер Ермек Тұрсыновтың айтуына қарағанда белгілі қазақстандық актер бұл фильмде басты рөлді сомдауы керек болатын.

     

    Фильмнің негізгі түсірілімдері Алматыда, Талғарда және Жаркент қаласының маңында жүргізілді. Ұлы Отан соғысының көріністері Венгрияның астанасы - Будапешт қаласында түсірілді.

     

    Кинотуындының әлемдік тұсаукесері 2019 жылы маусым айында XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында  өтті (Қытай). Айта кетсек, бұл беделді фестивальдің негізгі  бағдарламасына отандық туынды алғаш рет қатысып отыр.

     

    Сондай-ақ туынды Анапада өткен «Киношок-2019» фестиваліне қатысып, басты рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов  А.Княжинский атындағы «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды.  Былтыр қараша айында Ресейде өткен Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінде бұл фильм «Үздік фильм» жүлдесіне және «Үздік әйел адамның рөлі» (ресейлік актриса Нина Усатоваға бұйырды) жүлдесіне ие болды.  

     

    Одан бөлек, «Шырақшы» фильмі АҚШ-та өткен Asian World Film Festival және Бангладеште өткен Dhaka International Film Festival  кинофестивальдеріне қатысып, Франция мен Монғолияда Қазақстан киносы күндері аясында көрсетілген болатын. 

    «Шырақшы» фильмінің Қазақстан аумағындағы  прокатын «Меломан» компаниясы жүзеге асырады.

     

    Өндірісі: Ш.Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ, Tursunov Film ЖШС

    Сценарий авторы: Ермек Тұрсынов 
    Қоюшы режиссері: Ермек Тұрсынов 
    Қоюшы операторы: Мартин Сечанов 
    Қоюшы суретшісі: Куат Тлеубаев 
    Композиторы: Қуат Шілдебаев
    Продюсері: Қанат Төребай 
    Рөлдерде: Мұрат Мұқажанов, Қуат Тлеубаев, Нина Усатова, Ерболат Тоғызақов, Әлібек Данабай

    Суреттерді ұсынған Владислав Водневке алғыс айтамыз /Sputnik Казахстан



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
даңғылы, 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
2009-2020