«Елбасы Жолы. Астана» фильміне Астанамыздың салыну тарихы арқау болған. Оқиға 1994 жылдың шілде айынан бастау алады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін қайта құрылған мемлекет – Қазақстанның тәуелсіз дара жолы басталады. Экономикалық дағдарыс пен саяси тұрақсыздыққа тап болған сол бір қиын-қыстау кезеңдерде, мемлекет Президенті астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынады. Бұл ұсыныс барша халық үшін күтпеген оқиға болды, мұндай шешімнің іске асатынына және оның жемісті болатынына ешкім сенбеді.
Бірақ қауіп-қатер мен қарама-қайшылықтарға қарамастан астананы көшіру күшіне еніп кетті. Күдікке, күмәншілдердің сыны мен қаржылық қиындықтарға төтеп бере отырып, Президенттің басшылығымен еліміз межеленген мақсатты іске асырды.
1998 жылдың 10 маусымында жаңа астана – Астана қаласының халықаралық тұсаукесері өткізілді.
Сол кезден бері бірталай уақыт өтті, қазір жаңа астанамыз Қазақстанның экономикалық, геосаяси және стратегиялық маңызды шешімі болғанына оң баға беруге болады. Астана – орындалған арман қаласы, мақсатқа қол жеткізу үшін үкілі сенім, ерен еңбек және межеленген нысанаға жету жолындағы табандылық керек екендігінің дәлелі мен айғағы.