• 30.01.2019

    Прокатқа Фархат Шәріповтың жаңа фильмі шығады

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    2019 жылдың 31 қаңтарында прокатқа режиссер Фархат Шәріповтің  «Тренинг личностного роста» («Тұлғалық өсу тренингі») фильмі шыққалы отыр.

    Айтулы кинотуындының тұсаукесері Астана қаласында өтті. Мәдени іс-шараға ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Қазақфильм» киностудиясының бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов, режиссер Фархат Шәріпов және қоюшы операторы Александр Плотников қатысты.

    ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген әлеуметтік драма қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Аталған кинотуынды отандық жазушы Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» атты романының желісі бойынша түсірілген.

    - «Қазақфильм» киностудиясының биылғы прокаттық маусымы жас режиссер Фархат Шәріпов түсірген «Тренинг личностного роста» («Тұлғалық өсу тренингі») фильмімен ашылғалы отыр. Бұл кинотуынды көрерменге ой салатын, астарлы картина. Кинода басты ролдерді Қазақстанның белгілі кино және театр актерлері - Гүлжамал Қазақбаева, Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Филипп Волошин сомдаған. Бұл актерлер нағыз суреткерлер. Олардың жасаған образдары ешкімді де бей-жай қалдырмайды, - деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.  

    - Бәлкім, жас буынға фильмнің драмалық негізін түсіну қиынға соғатын шығар. Картина өмірлік тәжірибесі бар, көп нәрсені басынан кешкен адамдарға ұғынықты. Айтпағым, жас көрермен кейіпкердің қартайған анасына қарауы, отбасы құрдымға кетіп бара жатқанына уайымдауы, жасөспірім қызымен тіл табыса алмауы секілді мәселелерді түсіне алмайды деп ойлаймын. Маған бастысы, көрермен фильмді көріп, «қылмыс орын алды ма, кейіпкердің бірі кінәлі ме әлде жоқ па?» деген сауал қоя алуы маңызды, - деп қосты фильмнің режиссері Фархат Шәріпов.

    Фильнің тұсаукесеріне қаланың белгілі өнер және қоғам қайраткерлері қатысып, кинотуынды жайында өз пікірлерін білдірді.

    - Мұндай шыншыл отандық киноны көрмегелі көп болыпты. Кино біздің қоғам туралы. Бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді айқын суреттеп, құндылықтардың қалай өзгеріп жақтанын көрсетеді. Фильмнің түсірілуі, сценариі және актерлер ойыны кәсіби деңгейде. «Қазақфильм» маркасын жоғары ұстап тұр, - деп өз Facebook парақшасында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жазды.

    Айта кетсек, «Тренинг личностного роста» фильмінің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінде өткен. Сонымен қатар, картинаның қоржынында екі бірдей жүлде бар –  14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесі және Нетпак жүлдесі («Ар алдында таңдау жасаған адамның бейнесін астарлы әрі аяусыз көрсеткені үшін»).

    Фильмнің түсіру жұмыстары Алматыда жүргізілді. Картинадағы басты рөлдерді Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіпов орындаған. Сонымен қатар, фильмде Ержан Түсіпов, Гүлжамал Қазақбаева, Әсел Қалиева, Филипп Волошин және басқа да актерлер түскен.  

    Анықтама:
    Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
    Жанры: драма
    Режиссері әрі сценарий авторы: Фархат Шәріпов
    Қоюшы операторы: Александр Плотников
    Қоюшы суретші: Алексей Шиндин
    Композиторы: Илья Одегов
    Продюсерлері: Ержан Ахметов, Юлия Ким
    Атқарушы продюсер: Алмат Мәсәлім

    Режиссер туралы анықтама:
    Фархат Шәріпов – кинорежиссер, сценарист. «Кино режиссурасы» мамандығы бойынша Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА тәмамдаған. New York Film Academy түлегі. «Қызғылт қоянның басынан кешкендері»(2010), «Инопланетяне ни при чем»(2013), «4+1»(2016) фильмдерінің авторы.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz

  


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2018