• 20.02.2018

    «Томирис» фильмінің түсіру жұмыстары басталады

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    «Қазақфильм» киностудиясының Эксперттік кеңесі алдында «Томирис» фильмінің қорғалымы өтті.  Фильмнің өндірісін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Сатайфильм» кинокомпаниясының қатысуымен іске асырады. Түсіру тобы қорғалым барысында дайындық кезеңінде атқарған жұмыстары туралы айтып беріп, өтпелі кезең түсірілімдері, тігілген костюмдер, дайындалған реквизиттер және түсірілім алаңдары туралы баяндап берді. Наурыз айында фильмнің негізгі түсіру жұмыстары басталады. 

    Картинаның Бас продюсері Әлия Назарбаева фильмнің түсіру тобы түсірілім жұмыстарына дайын екенін жеткізді:
    - Бұл еліміздің кино тарихындағы ең ірі тарихи киножобалардың бірі. Барлығымыз да осы жобаға үлкен жауапкершілікпен бар күшімізді салып отырмыз. Фильм арқылы тарихымыз тереңнен тартатынын және ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз без Ұлы дала рухын көрсетіп, дүйім көрерменнің көңілінен шығатын туынды түсіреміз деп үміттенем.  

    Картинаның режиссері Ақан Сатаев Томиристің  патшайым болуы фильмге арқау болғанын, кинотуынды Томиристің дүниеге келуімен басталып, парсының әйгілі патшасы Кирдің әскерімен болған, аңызға айналған шайқаспен аяқталады деп жеткізді: 
    - Біздің басты мақсатымыз –б.з.д.  V-VI ғасырларда Орта Азияны мекендеген, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, соғыс саясаты және өнерімен әлем тарихында өз орнын алған, сақ, массагетер сынды тайпалар  қазақ халқының арғы ата-бабасы екенін дәлелдеу. Бұл фильм қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымының тамыры тым тереңде жатқанын дәлелдей түседі. 
    Сонымен қатар танымал кинорежиссер жиналғандарға түсірілген кейбір сахналарды көрсетті. Ол түсірілімдердің ерекшелігі және фильмдегі шайқас көріністерінің түсірілімдері қиын болатынын айтты. 
    – Фильмнің өтпелі кезең түсірілімдері былтыр желтоқсан айында  Алматы облысының Заречный ауылының маңында жүргізілді. Наурыз айының басында «Қазақфильмнің» павильондарында түсіру жұмыстарын жалғастырып, Томирис патшайымның дүниеге келгенін түсіреміз, - деді режиссер. 

    Фильмнің түсіру жұмыстары Қазақстанның басқа да көркем жерлерінде, атап айтсақ, Жаркент, Шонжа, Бурабай мен Баянауылда түсіріледі. Жалпы түсіру жұмыстары төрт айға созылмақ.  

    Картинаның продюсері Анна Чакиртова республикалық көлемде өткен кастинг туралы сөз айтты: 
    – Дайындық кезең сегіз айға созылды. Осы уақыт аралығында біз түсірілім орындарын анықтап, өтпелі кезең түсірілімдерін жүргіздік. Сонымен қатар, Қазақстанның ірі 15 қалаларында республикалық деңгейде кастинг өткіздік. Жалпы кастингке 15000-нан астам адам қатысты. Басты рөлге фотосуреттер бойынша 1500 үміткерлер болды. Кейін бұл сан 200-ге дейін қысқартылды. Іріктеу нәтижесінде массагеттердің патшайымы рөліне Альмира Тұрсын есімді бойжеткен бекітілді. Айта кетсек, бұл оның кинодағы алғашқы рөлі. 

    Сондай-ақ продюсер бүгінгі күні барлық басты рөлдерді сомдайтын актерлар трюктарды қоюшы Жайдарбек Күнғожиновтың «Nomad» жаттықтыру лагерінде дайындалып жатқанын, яғни атқа жайдақ мініп, қару-жарақты асынып, садақ тартып, соғыс өнерінен сауаттарын ашып жатқандарын айтты. 

    Ал фильмнің кеңесшісі, еліміздің белгілі тарихшысы Алмас Ордабаев аталған жобаның тарихи анықтығы туралы әңгімелеп берді: 
    – Өкінішке қарай, Геродот суреттеген Кир мен Томирис арасында болған шайқастан басқа патшайым туралы ақпарат жоқ. Алайда, бұл көркем фильм үшін жеткілікті деп ойлаймын. Бұл оқиға аты аңызға айналған ірі шайқаспен аяқталады.  
    Дегенмен, сол дәуірге қатысты дерек көздер баршылық. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған «Алтын адам» және біздің археологтар мен тарихшыларымыз ашқан басқа да жәдігерлер олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі туралы, сол өркениеттің даму деңгейі туралы мол ақпарат беріп, мемлекеттілік бірлестіктердің бар болғанын айқындай түседі. Осы фильмде сол дәуірдің қоғамына тән көптеген  құбылыстарды, әлеуметтік иерархия, мемлекеттік символика, салтанатты жиындар және тағы да басқа ерекшеліктерді көрсетуге тырысамыз. Сондай-ақ, қазақтардың бүгінгі дәстүрлерінің көбі сақ дәуірінен басталатынын айта кеткім келеді.  

    Тарихи туындының тағы да бір кеңесшісі, ежелгі көшпенділерден қалған жәдігерлерді қайта қалпына келтірген, белгілі суретші-реставратор Крым Алтынбеков бұл фильмде массагеттердің күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі  металлдың рөлі туралы айтты: 
    – Сол дәуірде тайпалар арасында металл өндіру кең дамыған,тіпті металлды өңдеу жолдарын жақсы білген. Осыны фильмде көрсетуіміз қажет. Массагеттердің әшекей бұйымдары өте жоғары деңгейде орындалған. Қазақстан аумағындағы барлық алтын кен орындар сол дәуірде белгілі болған. Кен орындары бар жерлерде олар қоныс теуіп, сол дәуірге сай жақсы қаруларды және әшекей бұйымдарын жасаған. 

    Костюмдер бойынша суретші Әсел Шалабаева «Томирис» фильмі үшін 1000-ға жуық киім жиынтықтарын  және реквизиттер (қару, әшекей бұйымдары және т.б) дайындағанын айтты. Фильмнің басты кейіпкері – Тұмар патшайым үшін ғана жиырма костюм тігілген екен. 

    Одан бөлек, продюсер Анна Чакиртова аталған фильм үшін арнайы екі декорацияның тұрғызылатынын хабарлады, бірі Қапшығай қаласының маңында тұрғызылатын «Спаргапистың ордасы» декорациясы болса, екіншісі – «Қазақфильм» территориясындағы «Вавилон» қаласы. 


    О фильме: Бұл ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымы туралы фильм. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген арудың тағдыры баяндалады.  Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының  патшасы Кирмен шайқасады.

    Бас продюссер: Әлия Назарбаева
    Қоюшы режиссер: Ақан Сатаев
    Сценарий авторлары: Әлия Назарбаева, Тимур Жақсылықов
    Қоюшы оператор: Хасан Қыдыралиев
    Қоюшы суретші: Қуат Тлеубаев
    Продюсері: Анна Чакиртова
    Костюм жөніндегі суретші: Әсел Шалабаева
    Грим жөніндегі суретші: Лидия Ордынская
    Кастинг-директор: Жайна Әбдиева
    Трюктарды қоюшы: Жайдарбек Күнғожинов

    Режиссер туралы ақпарат: 
    Ақан Сатаев – кинорежиссер, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Кұлагер-2009» ұлттың жүлдесінің лауреаты, «Құрмет» орденінің кавалері.  1971 жылы 23 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1988 жылы мектеп бітірген А.Сатаев облыстық телеарналардың бірінде режиссер көмекшісі болып жұмыс істейді. 1989 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының «Телеарна режиссері» факультетіне оқуға түседі. Институтты тәмамдағаннан кейін жарнамалық роликтер түсіріп көзге көрінеді. «Жас аккордионшының өмірбаяны» және «Аллажар» фильмдеріне түскен. 2003 жылы «Sataifilm» атты жеке компаниясын ашып, алғашқы толықметражды «Рэкетир» атты фильмді түсіреді. Бұл туынды прокаттың алғашқы күндері-ақ  миллион доллар қаржы тапқан. 

    ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. Режиссер: «Рэкетир» («Sataifilm», 2007), «Ағайынды» («Sataifilm», 2008, сериал), «Адасқандар» («Sataifilm», 2009), «Ликвидатор» (КЗФ, 2011), «Жажүрек мың бала» (Қазақфильм, 2012), Бауыржан Момышұлы (2013, сериал), «Хакер» («Sataifilm», 2014), «Рэкетир 2» («Sataifilm», 2015), «Анаға апарар жол» (Қазақфильм, 2016), «Районы» («Sataifilm», 2016), «Она» (2017).


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2019