• 06.12.2017

    Алматыда «Қазақ деректі киносы күндерінің» жабылу салтанаты өтті

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Алматыда «Қазақ деректі киносы күндерінің» жабылу салтанаты өтті. 2017 жылдың қазан және желтоқсан айлары аралығында Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорында өткен «Қазақ деректі киносы күндері» аясында 10 деректі фильмнің тұсауы кесілді.

    ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұйытқы болған «Қазақ деректі киносының күндері» жабылу салтанатында «Отан неден басталады» («С чего начинается родина») атты деректі фильмі көрсетілді. Фильмнің авторы – жас кинодраматург Еркебұлан Бектұров.

    Мәдени іс-шараға Қазақстанның белгілі киногерлері режиссер Сатыбалды Нарымбетов, кинодраматург Нұрлан Санжар, деректі киносүйер қауым және «Отан неден басталады» фильмінің түсіру тобы қатысты. Аталмыш деректі фильм аз уақыт ішінде құлдырауды еңсеріп, Қазақстанның табысты ауылшаруашылық кәсіпорынына айналған Ақмола облысындағы Родина атты ауылы және сол жетістікке қол жеткізген Иван Сауэр туралы баяндайды.

    - Родина ауылының феноменіне қатысты көршілес ауыл тұрғындары мен тіпті астаналықтар олардың жетістіктерін қызғанатындарын байқадық. Осы ауыл туралы түрлі жағымсыз пікірлер айтып, жүргендеріне қарағанда,  олар  Иван Сауэрдың 30 жылда жүріп өткен қиын жолы туралы мүлдем бейхабар екенін түсіндік. Өкінішке қарай, уақыттың тығыздығына байланысты авторлық ойларымды толығымен іске асыра алмадым. Алайда, осы фильм арқылы мен режиссер-документалист ретінде бар қарымымды көрсете алдым деп ойлаймын. Фильм арқылы түсінгенім, Иван Сауэр сияқты 10 шақты адам болса, Қазақстанның ауылшаруашылық өндірісін аяққа тұрғызуға болатынына көз жеткіздім. Мен фильмнің кейіпкері туралы оның сөздерімен, оның жер-ана туралы ойлары арқылы көрсеткім келді, - деді фильмнің режиссері Еркебұлан Бектұров.    

    «Қазақ деректі киносы күндері» аясында «Қазақфильм» киностудиясы негізінде биыл түсірілген фильмдердің көрсетілімі өтті. Фильмдері көрсетілген авторлар арасында еліміздің танымал документалист-режиссерлері мен қатар жас кинематографистер де бар. Фильмдерді тамашалауға 3 мыңға жуық көрермен келген.

    Алексей Каменскийдің режиссерлігімен қазақтың тұңғыш театр режиссері туралы – «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» фильмі (бұл картина «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбековтың айтуы бойынша «Қазақ ренессансы» атты циклдің бастамасы және киностудия өткен дәуірдің өнері мен мәдениет адамдарына арналған циклді деректі фильмдерді түсіруді жоспарлауда). Әсия Байғожинаның «Сенім жолында» атты фильмі діни тәрбие мен дәстүрлі емес ислам ағымдарының жастарға әсері туралы айтады.  Фотограф-натуралист Олег Белялов түсірген «Алтынемел» картинасы Қазақстанның ерекше қорығының бай табиғатын көрсетеді. «13 километр» - Владимир Тюлькин түсірген бүгінгі күннің батыры – Шығыс Қазақстан облысында тұратын зағип фермер туралы. Режиссер және драматург Ғазиз Насыров пен хореограф Арвара Садықова бірлесіп жасаған «Қазақ биі» фильмі, қазақ би өнерінің энциклопедиясы іспетті. Жас кинематографистер «Қазақ деректі киносы күндерінде» «Түстер үйлесімі» (Евгений Лумпов), «Наири» (Қайша Рахымов), «Сүйемін, өйткені» (К.Бердімұратова мен К.Әбділдинова) атты қысқаметрлі деректі фильмдерін ұсынды. Сондай-ақ, «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы» циклі (өз істерінде жетістікке жеткен отандастырымыз туралы) шеңберінде «Жігіттер оны әке дейді» (Айнұр Ахметжанова) және «Отан неден басталады» (Еркебұлан Бектұров) фильмдерін көрсетті.

    -Деректі кино – біздің өткеніміз бен бүгінімізді көрсететін таптырмас
    құрал. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм»АҚ түсіретін барлық фильм президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынуымен іске асқан мемлекеттік бағдарламаларды қамтиды. Олар: «Рухани жаңғыру», «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы», «Мәңгілік Ел». Бұл бірлесе өткізген мәдени іс-шарамыз – Алматы қаласының мәдени өмірінде елеулі оқиға болды деп сенеміз, - деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков.

    Іс-шара соңында «Қазақфильмнің» президенті Бақыт Қайырбеков ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорына және Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

    «Отан неден басталады» фильмі туралы: фильмде 30 жылдың ішінде кедейлік пен құлдырауды еңсеріп, қазіргі таңда өзінің құрылысы мен тиімді менеджмент жағынан елдегі барлық ауылдарға үлгі болып отырған Родина ауылының феномені зерттеледі. Авторлар осы жетістікке қол жеткізуге мұрындық болған адамның, яғни, ешқайда көшіп кетпей, осы ауылды көтерген неміс Сауэр Иван Адамовичтің портреті арқылы көрсетеді.

    Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
    Қоюшы режиссері әрі сценарий авторы: Еркебұлан Бектұров
    Қоюшы операторы: Антон Касьяненко
    Хронометражы: 42 минут

    Режиссер туралы анықтама: Еркебұлан Бектұров. Режиссер, сценарист. «Отан неден басталады» толықметрлі деректі фильмінің қоюшы-режиссері (Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, 2017); «Батыр» толықметрлі көркем фильмінің сценарий авторы («Elephant prod.» 2018); «Жетім» толықметрлі көркем фильмінің сценарий авторының бірі («Cinema 28»); «Семь нот моего детства» толықметрлі көркем фильмінің сценарий авторы және қоюшы-режиссері («Four Keys Studio»2014); «Ғашық жүрек» (реж. Асқар Ұзабаев) сценарий авторларының бірі («Shine Production»  «567 Creative Laboratory»  бірлесе 2012); «Степная звезда»/ прокаттық атауы «Ана жүрегі» (реж. Ержан Рүстембеков) – сценарий авторы («MG-Production» студиясы, «Қазақстан-1» телеарнасының тапсырысы бойынша)


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2019