• 28.07.2017

    «Оралман» фильмі ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приін иеленді

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» толықметражды көркем фильмі ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приін иеленді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында («Қадам» ЖШС студиясының қатысуымен) ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл картина кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысқан жалғыз отандық туынды. 

    –  «Еуразия» кинофестивалі еліміздегі ғана емес, жалпы Орталық Азия 
    аумағындағы ең үлкен киноалаң. Сондықтан да бұл кинофестивальдің ең басты жүлдесін жеңіп алу мен үшін абырой. Осы орайда түсірілім тобын жеңісімізбен құттықтағым келіп отыр, өйткені, олар болмаса мен бұл жүлдені ұтып алмас едім – деді Сәбит Құрманбеков.

    «Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен. 
    Фильм кинофестивальдерде зор бағаланып жатыр. Иранда өткен 
    кинофестивальде басты жүлдеге ие болды. Мен бұған қуанам. Алайда мен үшін ең бастысы бұл фильмді қарапайым көрермендерге көрсету. Осы Астанадағы көрсетілімде көрермендер фильмді жақсы қабылдады және ирандық аудитория да, оның ішінде этникалық қазақтар қызыға көрген болатын. Біз «Оралман» фильмін үстіміздегі жылы жалпыұлттық прокатқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар,  шет елдерде, әсіресе қазақ диаспоралары бар мемлекеттерде прокаттауды көздеп отырмыз. 


    Негізі 1998 жылы қаланған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Орталық Азиядағы ең үлкен кинофорум болып табылады. Биылғы жылы фестиваль аясында барлық конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларға қатысқан толықметрлі және қысқаметрлі, авторлық және жанрлық фильмдердің рекордтық көрсеткіші - 296 картина көрсетілді.  Негізгі конкурстық бағдарламада 13 толықметрлі және қысқаметрлі фильмдер конкурсында 30 картина қатысты. Ал фестивальге 200 ден астам қонақ шақырылды. Олардың қатарында Николас Кейдж, Эдриен Броуди және Джон Малкович бар.

    Кинофестиваль тарихында алғаш рет ТМД елдері және Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропа елдерінен келген дистрибьютерлердің қатысуымен Eurasia Film Market  кинонарығы өтті. Ал Eurasia Spotlight бизнес алаңы әдеттегідей киножобалардың қызықты питчингтерін, кино саласы маңындағы түрлі тақырыптарға негізделген дөңгелек үстелдерді, баспасөз-конференцияларын, шеберлік-сыныптарын және киноиндустрияның үздік мамандары қатысқан арнайы іс-шараларды ұсынды. 

    Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильмдер әр жылдары «Еуразия» кинофестивалінің түрлі жүлделерін және Гран-приін жеңіп алған. Мәселен, Данияр Саламаттың «Әкем екеуміз» картинасы, Серік Апрымовтың «Бауыры» және Нариман Төребаевтың «Шуақты күндері» үздік режиссура жүлдесін иемденсе, Жаңабек Жетіруовтың «Дүние жарық»  және Абай Құлбайдың «Стриж» фильмдері «Үздік Азия фильмі» атанған, ал Ардақ Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» картинасы Гран-приге лайық деп танылған. 

    Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені - "Азияның үздік фильмі" жүлдесін жеңіп алды. 


    Фильм жайлы: Фильм ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған  қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады.  Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді. 
    Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ,  «Қадам» ЖШС (кинокомпания) қатысуымен
    Жанры: әлеуметтік драма
    Режиссері: Сәбит Құрманбеков
    Сценарий авторы: Нұрлан Санжар, Сәбит Құрманбековтің қатысуымен
    Қоюшы операторы: Марс Умаров
    Қоюшы суретшісі: Рустам Одинаев
    Композиторы: Айдос Сағат

Читайте также :

Во Франции прошёл показ казахстанских фильмов
19 октября 2017 года в Париже в кинотеатре Club L'Etoile в рамках программы ЮНЕСКО «Современная казахстанская культура в глобальном мире» состоялся показ художественного фильма «Дорога к матери», созданного киностудией «Казахфильм» им. Шакена Айманова...



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176

                       


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2017