• 12.07.2017

    «Алмас қылыш» фильмінің DVD дискісі шықты

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында орналасқан «Қазақ хандығы» көп сериалы  тарихи туындысының  түсірілімдері үшін арнайы тұрғызылған «Сығанақ қаласы» декорациясында режиссер Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» фильмінің DVD дискісінің тұсаукесері өтті. Қазақ және орыс тілдерінде, сонымен қатар ағылшын тілінде субтитрлары бар бұл дискінің тұсаукесер рәсімін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы,  «CentauRus Rustem Abdrashev production» және «Меломан» компаниялары ұйымдастырып отыр.  

    Естеріңізге сала кетсек, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ хандығы» киносериалының  кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «CentauRus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен жарыққа шыққан. Бұл ауқымды жобаның идея авторы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде  жазылған.  

    «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы Астана және Алматы қалаларында өткен болатын. 2017 жылы  5 қаңтарда жалпыұлттық прокатқа шыққан аталмыш толықметражды көркем фильм, қазақстандық прокатта 72 млн. астам қаржы жинап, көшбасшылар қатарынан көрінді. Жалпы алғанда 2,5 мыңнан астам сеанс, оның 60% қазақ тілінде, ал 40% орыс тілінде көрсетілді. Ал он сериалы «Қазақ хандығы» тарихи кинотуынды наурыз айында «31 арнадан» көрсетілген болатын.

    «Алмас қылыш» фильмі DVD дискісінің тұсаукесер рәсіміне қатысқандар: фильмнің режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдіраш, картинаның Бас продюсері Арман Әсенов, «Қазақфильм» киностудиясы мен «Меломан» компаниясының өкілдері, сондай-ақ түсірілім тобы қатысты.  

    - «Алмас қылыш» фильмін көре алмай қалған және бұл фильмді қайта көргісі келетін көрермендердің көптеген сұраныстары бойынша, біз «Меломан» компаниясымен бірлесе отырып осы фильмнің DVD дискін шығарып отырмыз. Дискіден фильмді қазақ және орыс тілдерінде, сонымен қатар ағылшын тіліндегі субтитрлар арқылы көруге болады, - деді режиссер Рүстем Әбдіраш.

    «Алмас қылыш» тарихи кинотуындысының DVD нұсқасын еліміздің аумағында «Меломан» дүкендер желісі арқылы (Астана, Алматы, Өскемен және Шымкент қалаларында) сатып алуға болады. Бір дискінің бағасы – 1295 тг. Тиражы шектеулі. Сонымен қатар бұл дискіні Астана қаласында өткізілетін «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде сатып алуға да болады.

    «Меломан» компаниясының ұлттық жобалар департаментінің директоры Низами Мамедов қазақтың тарихынан сыр шертетін ірі тарихи киножобаның DVD дискісі EXPO-2017  халықаралық көрмесі және халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қонақтары үшін жақсы сыйлық болатынын айтты.

    Одан бөлек, режиссер Рүстем Әбдіраш «Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымының түсірілім жұмыстары үстіміздегі жылдың қыркүйегінде басталатыны туралы айтып берді.

    - Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтің дамуы мен рухани жаңғыруы төңірегінде өзекті мәселелерге тоқталып кетті. Біз – киногерлер мемлекетіміз бен ұлтымыздың рухани жаңғыруы жолында еңбек етеміз. Мақалада айтылған аспектілердің бірі – тарихқа бай өткенімізге үңілу. Төл тарихымызды тарихшылар зерттеп қана қоймай, қалың жұртшылық арасында кең насихатталуы тиіс. Тарихи сериалды жарыққа шығару - тарихымызды танудағы маңызды қадамдардың бірі, - деген Рүстем Әбдіраш, аталмыш сериалдың екінші маусымының дайындық кезеңі басталғаны туралы айтты: – «Қазақ хандығы» сериалы халқымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар болды және сын да айтылды. Осы жобаның жалғасы түсірілгенін біз де қарапайым көрермендер де қалап отыр. Мен үшін бұндай жобаны түсіру үлкен жауапкершілік пен мақтаныш. Сондықтан да, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деген шартты атаумен сериалдың екінші маусымын қолға алғанымыз туралы қуана хабарлаймыз, - деді режиссер.  


    Көп сериалы «Қазақ хандығы» көркем фильмнің жалғасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілетін болады. Режиссердің айтуы бойынша, екінші маусымда оқиға Жәнібек ханның қайтыс болуына дейінгі аралықты қамтиды.  Жаңа маусымның сценарий авторлары да бұрыңғы сценаристер болмақ, олар: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш. Сонымен қатар режиссер екінші маусымда негізгі актерлардан басқа тағы 5-6 кейіпкерлердің қосылатынын мәлімдеді.

    - Біз дайындық кезеңге өттік. Әдеби сценарийдің жұмыстары аяқталуға жақын, бүгінде режиссерлық сценарийді жазуға қолға алдық, - деді режиссер.  

    «Қазақ хандығы. Алмас қылыш»
    Фильм туралы:ХV ғасырдың орта тұсы. Қара теңіз жағалауынан Моңғолияға дейінгі Еуразия кеңістігінде бір кезде зор қуатты империя болған Алтын Орда құлағаннан кейін бірнеше жеке хандықтар құрылды. Олардың ішінен қазіргі Қазақстанның аумағын жайлап жатқан Ақ орда ерекшеленді. Ақ орда билігі  Шыңғысханның немересі,  Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің әулетіне тиесілі болды. Арада уақыт өте келе Шайбаниттердің кіші тармағынан шығатын Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрды. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын.
    1460 жыл. Орда Еженніңұпақтары– Кереймен Жәнібектің айналасына біріккен  ондаған мың көшпенділер ақсақалдар кеңесінде шешім қабылдап, Әбілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанның шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есен-бұға оларға қоныс беруге келіседі. Есімі аңызға айналған абыз Асанқайғы да көшке ілесіп, бөлініп шығуға себеп болған оқиғаларды жырына қосады.
    Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың хандығынан бөлініп, өз ұлыстарын құруға бекінді. Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізеді. Ең алдымен, жұдырықтай жұмылған ынтымақ керек екенін ескерген олар Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді.  

    Қоюшы режиссері: Рүстем Әбдірашов
    Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашов
    Қоюшы суретшілері: Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов пен Жаннат Баймұқанованың қатысуымен
    Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников және Андрей Маслов.
    Бас продюсері: Арман Әсенов
    Фильмнің продюсері: Іңкәр Әбдіраш
    Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш
    Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Дінмұхамед Ақымов және басқалар.  

    Режиссер туралы анқытама:
    Рүстем Жарасханұлы Әбдіраш –режиссер, кино суретші, ҚР жастар одағы жүлдесінің лауреаты, «Тарлан» тәуелсіз жүлдесінің иегері, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1970 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Н.В.Гоголь атындағы көркем сурет институтын, 1997 жылы ВГИК жанындағы Бүкілодақтық біліктілікті арттыратын институтын (Л. Шенгелайдың шеберханасы, кино суретшісі мамандығы) тәмамдаған. 1971 жылы Ю.Кобринның режиссерлық шеберханасында оқыған (ВИПК, Мәскеу қаласы).

    Кино өнерінде алғашында «Отырардық күйреуі» фильмінде қоюшы суретшінің көмекшісі болып қызмет атқарды(1989-1990), кейін «Бегущая мишень», «Дикий восток» сынды фильмдерде қоюшы суретші болып жұмыс істеді. Мәскеудегі оқуын тәмамдаған соң «Жизнеописание юного аккордиониста» және «Голубины звонарь» фильмдерінде қоюшы суретші болды. 1997 -2001 жж. «Хабар» арнасында телевизиялық бағдарламаларда қоюшы суретші және режиссер болып жұмыс істеді. 2002 жылы «МИР» телеарнасында телевизиялық жобалардың Бас продюсері қызметіне тағайындалды.
    2004 жылы Рүстем Әбдіраш өзінің алғашқы режиссерлық жұмысы – «Қаладан келген қыз» фильмін (Жарасқан Әбдіраштың поэзиясының желісі бойынша) түсіреді. Бұл фильм көптеген халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындарды иеленді.  

    ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. Фильмдердің режиссері:  «В том числе» (1999, деректі фильм),  «Қаладан келген қыз» (2002-2004),  «Құрақ көрпе»  (2007),  «Сталинге сыйлық» (2008),  «Елбасы жолы» киноэпопеясы: «Балалық шағымның аспаны» (2011), «От-өзен» және «Теміртау» (2013), «Тығырықтан жол тапқан» (2014).


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176

                       


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2017