• 30.06.2017

    «Өзен» фильмінің түсірілім жұмыстары басталды

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Эмир Байғазиннің Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі – «Өзен» (шартты атау) атты киножобаның қорғалымы өтті.

    Трилогияның үшінші бөлімінде Аслан есімді жасөспірімнің өмірі баяндалады.
    Өзінен кейінгі бауырларына қамқор және тіреу бола білсін, мінезді болып өссін деген ниетпен әкесі Асланды қатаңдықта тәрбиелейді. Трилогияның алдыңғы екі бөлімі – «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») және «Төрт оқиға» («Раненый ангел») фильмдері сынды, «Өзен» картинасы да жасөспірімдер жайлы.  

    - Бұл кинотуынды отбасы және адам бойындағы түрлі мінез-құлықтар туралы, - деді картинаның режиссері Эмир Байғазин.

    Жобаның қорғалымында режиссер фильмнің костюм жөніндегі суретшісі Айдана Қожагелдинаны таныстырды. Суретші өз кезегінде жиналғандарға фильмдегі басты кейіпкерлердің болмысы мен көңіл-күйін айқындайтын костюмдердің эскиздерін көрсетті.

    Сондай-ақ, Эмир Байғазиннің осыған дейінгі фильмдерінде жұмыс істеген қоюшы суретші Сергей Копылов Қапшағай қаласынан 60 шақырым жерде тұрғызылған декорация туралы айтып, түсірілім локацияларын сөз қылды. «Өзен» фильмінің түсірілім жұмыстары Алматы облысында үстіміздегі жылдың шілде айының 10-ынан басталады.

    Былтыр «Өзен» фильмі үшін жасөспірімдер арасында республикалық кастинг жарияланған болатын. Ұзаққа созылған фото және бейне сынақтардан кейін 13 жастағы Асланның рөліне Жалғас Кланов есімді актер бекітілді. Ал оның бауырларын сомдайтын актерлар: Бағдәулет Сағындықов, Жасұлан және Руслан Өсербаевтар, Эрик Тазабеков. Әкелерінің рөлін еліміздің танымал актері Қуандық Қыстықбаев сомдайды.

    Естеріңізге сала кетсек, Эмир Байғазин Халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі байқауында қатысқан тұңғыш қазақстандық режиссер. 2013 жылы осы фестивальде оның дебюттік «Асланның сабақтары» фильмі  «Күміс аю» жүлдесімен және «Morgen Post» гезетінің арнайы жүлдесімен марапатталды. Аталған туынды орта есеппен 50-ден астам фестивальдерде көрсетіліп, 25 шақты жүлделерге қол жеткізді.

    Режиссердің «Төрт оқиға» фильмі де 2016 жылы ақпан айында Халықаралық Берлин кинофестивалінде тұсауы кесілген болатын. Кейін бұл кинотуынды Германияда өткен Funf Seen Filmfest фестивалінде жүлдеге, сонымен қатар Чонджуда (Оңтүстік Корея) өткен фестивальде арнайы жүлдеге және Словакия елінде өткен Art Film Fest  фестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесіне қол жеткізді. Айта кетсек, Эмир Байғазиннің фильмдері тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Еуропа елдерінде прокатқа шықты.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176

                       


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2017