• 29.05.2017

    Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Қазақфильм» киностудиясында түсірілім жұмыстары басталмақ


    Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Киномеханик» (шартты атауы) атты жаңа толықметрлі көркем фильмнің қорғалымы өтті. Фильмнің режиссері киностудияда қабырғасында бұған дейін «Келін», «Шал» және «Кенже» атты танымал трилогиясын түсірген – Ермек Тұрсынов.


    «Киномеханик» кинокартинасы ҚР Мәдениет және спрот министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілгелі отыр. Фильм – Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетіп, өнер арқылы, оның ішінде, кинематографтың көмегімен әлемді өзгертуге болады деп сенеді.


    - Фильмнің идеясы марқұм Меңтай Өтепбергеновтікі. Бір күні киностудияда кездескенімізде киномеханиктер туралы ойын айтты. Кейіннен оның ойын тарқатып, сценарий жазып шықтым. Сценарийді көрген сәттен бастап, ауырып жүргеніне қарамастан, басты рөлді сомдауға дайындалып, қуанып жүрді. Өйткені ол көбінде эпизодтық рөлдерде ойнап, басты рөлдер бұйырмаған актер болатын. Біз оның үйінде талай кездесіп, репетиция жасап, кей сахналар туралы айтып жүрдік. Амал нешік, фильмнің түсірілімге шыққанын көре алмай кетті... Алайда, оның есімі титрда болады, - деді режиссер Ермек Тұрсынов.


    Картинаның продюсері Қанат Төребай Екінші Дүниежүзілік соғыс суреттелетін сахналар өткен жылдың желтоқсан айында Венгрияның астанасы – Будапештте түсірілгенін айтып, түсірілген 8 минуттық бейнематериалды Эксперттік кеңес мүшелеріне көрсетті.


    - Соғыстан кейінгі жылдарды сахналауға қажетті объектілерді табу үшін Қазақстанның барлық аймағын шарлап шықтық. Көрген объектілерді қорыта келе, түсірілімдерді Алматы облысы, Жаркент қаласы маңында жүргізетін болдық. Фильмнің негізгі айтар ойы – ұлы кино өнерінің күші мен игілік эстафетасы. Біздің картинамыз ХХ ғасырда кино өнерін таратушыларға бағышталады, - деп түйіндеді продюсер.


    Ермек Тұрсыновтың бұл фильмінде басты рөлдерді Мұрат Мақажанов және картинаның қоюшы суретшісі Қуат Тілеубаев сомдайды. Продюсер Қанат Төребайдың айтуы бойынша, фильмде отандық және шетелдік танымал актерлер бой көрсетеді. «Қазір ресейлік актриса Нина Усатовамен фильмге түсуі туралы келіс-сөздер жүріп жатыр», деді продюсер. 31 мамыр күні түсірілім тобы Алматы облысына түсірілімге шығады. Соңғы түсірілімдер Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының территориясында және Талғар қаласының Мәдениет сарайында өтеді. Қазір суретшілер ғимараттың тарихи кейпін қайта келтіру жұмыстарын жасап жатыр, атап айтсақ, түсірілім кезінде Лениннің ескерткіші және сол дәуірден хабар беретін атрибутикалар қойылады.


    «Киномеханик» фильмнің аннотациясы: Солдат соғыстан қайтып келгенінде, үйінің есік-терезелері шегеленіп, жабулы тұрғанын көреді. Бұндай көріністі көрген ол Германияда қарт немісті өлтірмей алып қалғаны үшін, сыйға алған кинопроекторын шығарып, кино қояды. Қайтыс болған жақындарын жоқтап, қайғысынан тез айығуына фильмдер ықпал етеді. Фильмдегі кейіпкерлерді қиялдап, өмірді қайта бастауға қуат алады. Содан бастап өмірінің соңына дейін ол кинопроектордан ажырамайды.


    Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Турсуновфильм» ЖШС бірлесе Қоюшы режиссер және сценарий авторы: Ермек Тұрсынов Қоюшы суретші: Қуат Тілеубаев Продюсер: Қанат Төребай Рөлдерде: Мұрат Мұқажанов, Қуат Тілеубаев, Ерболат Тоғызақов, Иісбек Әбілмәжінов және басқалар.


    Режиссер туралы ақпарат: Тұрсынов Ермек Кәрімжанұлы - кинодраматург, кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.; 1990 жылы Мәскеудегі Жоғарғы сценаристер және режиссерлер курсын (А. Митта және Я. Фрид шеберлігі) тәмамдаған. Журналист, «Мегаполис» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» телеарнасының бас директоры, «31 арнаның» бас продюсері болып істеген.


    ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. Толықметрлі көркем фильмдердің сценарий авторы: «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (КФ, 2009), «Чума», «Мұстафа Шоқай» (КФ, 2008), Сергей Бодровпен бірлесе, «Құрақ көрпе» (КФ, 2007), «Ближний бой» (2008), «Мытарь», «Четвертый мир», «Сабалақ» Тимур Бекмамбетовпен бірлесе, «Әбілқайыр-хан» (КФ, 1993), «Папина дочь» Сатыбалды Нарымбетовпен бірлесе, «Прыгай, я за тобой», «Караванные тропы», «Бақсы» (КФ, 2008) Гүлшат Омаровамен бірлесе, «Полковник Нода», «Мамин рай» (2009) Мохсен Махмальбафпен бірлесе, «Старая любовь» Ақтан Абдықалықовпен бірлесе, «Мәмлүк», «Келін» (КФ, 2009) және басқалар. Түсірген фильмдері: «Келін», «Шал», «Кенже», «Кемпир»» және басқалар.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2019