• 09.05.2017

    Ардагер-кинематографистерді Жеңіс күнімен құттықтады

    Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және Қазақстан кинематографистер одағы Екінші дүниежүзілік соғысы мен еңбек майданының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, сыйлықтар табыстады. – Бүгін біз, дәстүрге айналғандай, Қазақстанның барлық кинематографистері атынан ардақты ардагерлерімізді Жеңіс күнімен құттықтауға шықтық. Олардың көбісі 90-нан асқан қары кісілер. Бүгінде Ұлы отан соғысына қатысқан кинематографистердің бар-жоғы бесеу ғана. 2010 жылы 15 еді. Жыл өткен сайын олардың қатары азайып барады. – деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ аудиовизуалды жобалар жетекшісі Олжабай Мұсабеков.

    Манаура Мағзұмқызы 25 жылға жуық (зейнетке шыққанға дейін) «Қазақфильмнің» кинохроникасында редактор болып істеген. Фронтқа Манаура Нәбиева 19 жасында алынған, 2-ші Белоруссия фронты мен Солтүстік-Батыс майданында соғысқан. Белоруссия мен Польшаны азат етуге қатысқан. Екі рет жараланса да қайта сапқа тұрған. Батылдығы мен қайтпас қайсарлығы үшін Қызыл жұлдыз орденімен наградталған. Ұлы отан соғысының I дәрежелі жұлдызы мен «Ерлік үшін», «Майдандағы ерлігі үшін» және басқа да медальдармен наградталған. - Бізді ұмытпай келіп тұратындарыңа мың да бір алғыс. Бір-біріңді қадірлеп, сүйе біліңдер. Сендер – бақытты ұрпақсыңдар, құдай сендерге біздің көрген қасыретімізді көрсетпесін,– деді биыл 95-ке келетін соғыс ардагері.

    Рафаил Якубовичтің соғыс жылдарындағы әр күні есінде. Ұлы отан соғысы ардагері соғысқа қалай кеткені және Жеңісті қай жерде қарсы алғаны туралы егжей-тегжейлі айтып бере алады. Соғыс басталғанда оның жасы небәрі 18-де болатын, ал бүгінде Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рафаил Якубович 95 жаста. Өкінішке қарай, қария төсекке таңылған. Алайда қонақтарды әрдайым қуана қарсы алады, әсіресе – кинематографистерді күткенді ұнатады.

    Рафаил Якубович кинематография саласындағы еңбек жолын 1946 Қызылорда облыстық кинопрокат конторасынан бастаған. Әр жылдары ол түрлі басшылық қызметтерде істеген – республикалық кинопрокат конторасын басқарған және Қазақ КСР Мемкино төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Рафаил Ибрагимов Қазақстан кинематографиясының техникалық-материалды базасының қалыптасуы мен дамуына, республиканың киножелілер мен кинопрокат жүйесіне, замануи кинотеатрларды тұрғызуға, үлттық киноөнер ісінің танылуына және Қазақстан кинематографиясы ұлттық кадрларын даярлауда қомақты үлес қосқан тұлға. - Көңілдеріңе көп рахмет. Барша кино ардагерлеріне, менің әріптестеріме және арнайы Сламбек Тәуекел мен Серік Жұбандықовқа менен жалынды сәлем айта барыңыздар, - деді Рафаил Ибрагимов.

    Құттықтаулар мен сыйлықтарды киностудия лабораториясында 30 жыл көшірмеші болып істеген Гайдук Тамара Артемьевна мен қазақ киносының үздік дыбысоператоры және дыбысрежиссері, тылдың еңбеккері Қосаев Қадыр Нұрахметұлы да қуана қарсы алды.

    86-жастағы Қадыр Нұрахметұлын біз үй іргесінде жүрген жерінен кездестірдік. Ол әдеттегідей көтеріңкі көңіл күйде, ақ көйлекпен костюм киген, ал туфлиін жалтырата тазалаған. Қадыр Нұрахметұлы «Қыз-Жібек», «Қан мен тер», «Тризна», «Гонцы спешат», «Аңызға айналған Шоқан» және басқа да фильмдерде істеген. Ол қазақ киносының үздік туындылары ‒ «Менің атым Қожа», «Шоқ пен Шер», «Алпамыс мектепке барадының» түсірілім жұмыстарына қатысқан. Сондай-ақ, көптеген мультипликациялық және деректі, хроникалық картиналардың дыбысын жазып, дыбысрежиссер ретінде істеген.

    Любовь Николаевна Горковская соғыс басталғанда өрімдей 16 жасар қыз еді. Бірінші Украиндық фронтта жаяу-атқыштар дивизиясында байланысшы болып істеген. Қырым, Белоруссия және Прибалтиканы азат етуге қатысқан азаматша.

    Ардагердің үйлену тойынан суреттері жоқ, ақ көйлек пен фата да болған емес. Болашақ жары Дмитриймен түскен алғашқы суретін өзінің басты отбасылық фотосы санайды. Екеуі 33 жыл бақытты өмір сүріп, үш бала сүйген. Бүгінде Любовь Николаевнаның алды жиырма беске келген алты шөбересі бар. Ол еліміздің басты киностудиясында қызмет еткен жылдарын жылылықпен еске алады. Ивановна Лунева, сотрудница пошивочного цеха «Мосфильма»: - Мен кинода 30 жыл істедім. Алдымен Мемкиноның Азаматтық қорғаныс бөлімінде, сосын киностудияға келіп АХО бөлімінің аға шебері болып істедім. Жұмысым өте қызық болатын, жұмысқа баруға асығып тұратынмын,- деді Любовь Николаевна.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176

                       


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2017