• 28.02.2017

    Алматыда «Кәукеннің жұлдызы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

    Барлық фотосуреттерді көру
    Жаңалықтар фотогалереясы
    Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында, Ермек Тұрсыновтың киноклубында Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Кәукеннің жұлдызы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Фильмнің режиссері Ғазиз Насыров.

    Деректі фильм Қазақ КСР-нің халық артисі, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың және Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, КСРО кинематографистер одағының мүшесі, профессор, опера әншісі, театр және кино актері Кәукен Кенжетаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Мәдени іс-шараға еліміздің танымал өнер жұлдыздары, көзкөрген замандастары қатысты.  

    - Кәукен ағамен бес-алты фильмге түстік, талай бірге жүрдік, туған бауырлардай сыйластық. Оның біреуге ренжіп тұрғанын ешқашан көргенім жоқ. Ешқашан біреу туралы жаман сөз айтпайтын жаны таза, жүрегі пәк адам болатын. Осы фильмге Кәукен ағаның шығармаларын оқуға ұсыныс түскен кезде, бірден қуана келістім, - деді актер Нұржұман Ықтымбаев.  
    - Бұл еліміздің мәдениетіне орасан зор үлес қосқан аты аңызға айналған тұлғалардың өмірбаяны туралы жасаған бірінші деректі фильмім емес. Бұған дейін Кәукен Кенжетаевтың бауыры, ұлы режиссер Шәкен Аймановтың шығармашылық жолына арналған деректі фильм түсірген болатынмын. Сондықтан да, осындай біртуар азаматтарды сыйлаған сол дәуірге, сол материалдарға қайта үңіліп, жұмыс істегеніме қуандым. Әсіресе кейіпкеріміздің туған жері – табиғаты көркем, қазақтың дәстүрі мен тарихына бай  Баянауыл өлкесі маған қатты әсер етті. Кәукен ағамыздың ішкі жан дүниесінің қалыптасуына туған жері үлкен әсер етті деп ойлаймын, - деді картинаның режиссері Ғазиз Насыров.      
    Айта кетсек, «Кәукеннің жұлдызы» атты қойылымдық сахналары бар деректі фильм 2016 жылы Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдығына арнайы өндіріске жіберілген болатын. Фильм Кәукен Кенжетаевтың туып өскен жері Павлодар облысы Баянауыл өлкесінде және Алматы қаласында түсірілді. Кәукен Кенжетаевтың образын жас актер Ержас Рақымбеков сомдап шықты. Картинаны түсіру барысында Кәукен Кенжетаевтың туыстары мен жақындары, отбасы достары, өміріндегі қиын кезеңдер мен таңғажайып сәттері туралы оның шәкірттері әңгімелеп айтып берді. Фильмнің кеңесшісі – Ерлан Төлеутай.
    Өндіруші: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша
    Қоюшы режиссері және сценарий авторы: Ғазиз Насыров
    Операторлар: Марс Умаров және Ермек Мәмбетов
    Композиторы: Жанар Тұрыс
    Картина директоры: Құралай Миркемелова
    Режиссер туралы: Кинодраматург және режиссер Ғазиз Насыров С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын (ВГИК) бітірген. 1999 жылы жас режиссер «Два шага в сомнении» атты тұңғыш деректі фильмді түсіреді. Бұл фильм Қазақстан жас кинематографистерінің фестивалі шеңберінде үздік деректі фильм жүлдесіне ие болады. Ғазиз Насыровтың сценарийі бойынша түсірілген фильмдер: «Небольшое отступление» (1999),  «Қаладан келген қыз» (2003). Сонымен қатар, Ғазиз Насыров «Арман қала» сериалының (Қазақфильм, 2009), «Секер» (Қазақфильм, 2009) және «Жас ұлан» (Қазақфильм, 2011) сериалының сценарийлерін жазуға қатысқан.  2006 жылы Ғазиз Насыров Талған Асыранқұловпен бірге «Жұмақ құсы» атты фильмді түсірген.  Бұл фильм Тәжікстанда өткен «Дидоре Душанбе» атты халықаралық кинофестивальде Мәдениет министрлігінің дипломымен марапатталған. «Гәкку» картинасы – Ғазиз Насыровтың тұңғыш  толықметражды көркем фильмі.
    Кәукен Кенжетаев 1916 жылы 25 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1950 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын бітіреді.

    1946 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының әншісі болып қызмет істеді. Қазақ операсына қырық жыл ғұмырын арнаған Кәукен Кенжетаевтың орындаған партиялары: «Алтыншаш» операсында Ханды, «Біржан-Сара» операсында Жанбота, «Ер Тарғында» – Тарғын, «Қыз Жібекте» – Бекежан, Ж.Бизенің «Карменінде» – Эскамильо, Ахмет Жұбановтың «Абай» операсында Жиренше, Дж.Вердидің «Аидасында» – Амонасро, М.Глинканың «Руслан мен Людмила» операсындағы  Руслан бейнелері әлі күнге көрермендерінің көз алдында. Сондай ақ ол әншілік, актерлік қабілетімен қоса талантты режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Амангелді», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операларын жоғары көркемдік дәрежеде сахналады.

    Кәукен Кенжетайұлы өз ғұмырында жиырмадан астам фильмдерге түсіп, қайталанбас образдарды сомдады. Оның алғашқы фильмі – Ш.Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» комедиясы. «Ел басына күн туса» фильмінде  Бауыржан Момышұлының рөлін сәтті ойнап, батырдың ризашылығына бөленген актер «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» атты еңбектерін де жарыққа шығарған.

    Кәукен Кенжетаев 1979 жылдан бері өмірінің соңына дейін (2008 жылы дүниеден озды) Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәріс оқыды. 1985 жылы Кәукен Кенжетаевқа профессор атағы берілді.

    Кәукен Кенжетаев Ұлы Отан соғысынң ардагері, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және Октябрь революциясының медальдарымен марапатталған. «Парасат», «Отан» медальдарының кавалері. 2007 жылы «Экран Шебері» титулымен марапатталған.

    ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. Төмендегі фильмдерде рөл сомдаған: «Біздің сүйікті дәрігер» (Алматы киностудиясы, 1957), «Елге оралу» (Алматы киностудиясы, 1959), «Тұлпардың ізімен» (Қазақфильм, 1964), «Чинар» (Қазақфильм, 1965), «Ән қанатында» (Қазақфильм, 1966), «Артымызда Мәскеу» (Қазақфильм, 1967),  «Звучи там-там!» (Қазақфильм, 1967), «Балалық шаққа саяхат» (Қазақфильм, 1968), «Мәншүк туралы дастан» (Қазақфильм, 1969),  «У заставы «Красные камни» (Қазақфильм, 1969), «Қыз-Жібек» (Қазақфильм, 1970), «Ақ квадрат» (Қазақфильм, 1970), «Гауhартас»  (Қазақфильм, 1975), «Степные раскаты» («Уральск в огне», Қазақфильм, 1975), «Однажды и на всю жизнь» (Қазақфильм, 1977), «Когда улетают казарки» (Қазақфильм, 1979 к. м.) және т.б.


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2019