• 12.01.2010

    «Қыз Жібек» фильміне 40 жыл толды!

    afisha

    «Қыз Жібек» фильміне 40 жыл толды!

    Фильмнің сюжеттік желісіне арқау болған халықтың әдеби «Қыз Жібек» аңызы қазақ халқының 16-17 ғасырда әр бір орда басшыларының өзара қақтығыстары орын алған кезеңді бейнелейді. Аңыз бойынша жауласқан екі әулеттен шыққан қыз бен жігіттің сүйіспеншілігі мен махаббаты мен қатар, фильмде ұлт біріктілігі мен берекесін аңсаған қарапайым көшпелі қазақтың тұрмысы мен болмысы айқын көрініс тапқан.

    1970 жылы Сұлтан Ходжиков түсірген фильм Қазақ ССР-нің Мемлекеттің сыйлығын иеленді. Сонымен қатар, сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, кинорежиссер Сұлтан Ходжиков, басты рөлді сомдаушылар Асанәлі Әшімов, Құман Тастамбеков, Меруерт Өтекешова сынды өнер майталмандары да Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. 1972 жылы Тбилиси қаласындағы (Грузия) V БКФ-де фильм көркемдік безендірілуі жағынан ең үздік болып танылып, диплом мен сыйлықты жеңіп алды. Сонымен қатар, актер Кенебай Қожабек пен режиссер Сұлтан Ходжиков та дипломды қанжығасына байлады.

    «Қазақфильм» өзінің жаңа заманауи техникамен жабдықталуының арқасында жылдар бойы көпшіліктің сүйіп көретін фильміне айналған «Қыз Жібек» драмасының 40 жылдығына арнайы фильмге қайта өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жасалған жұмыстың нәтижесін көрермендер биылғы жылы өткен VI Халықаралық «Еуразия-2010» кинофестивалінің шеңберінде көре алды.

    «Жаңа «Қыз Жібекті» көргеннен кейінгі әсерім тамаша. «Қазақфильм» киностудиясы ескі фильмдерді өңдеп, жаңарту жұмыстарын қолға алғандығы, әрине, қуантарлық жәйт. Біз үшін, яғни, шығармашылық адамдары үшін бұл нағыз қуаныш. «Қазақфильм» басшылығына айтар алғысым да шексіз, олар үлкен іс бітіріп жатыр» — деп, фильмде басты рөлді сомдаған қазақ халқының белгілі актрисасы Меруерт Өтекешова ойымен бөлісті.

    Сонымен қатар, Жібектің образын сомдаған Меруерт Өтекешова фильм мағыналық тұрғысынан да, махаббат тақырыбы мен фильмдегі әуен де еш бір ескірмегендігін де атап өтті.

    «Өскелең ұрпақ тек голливуд фильмдерін ғана емес, сонымен қатар, өз еліміздің фильмдерін, кең даланың табиғаты мен елінің, жерінің тарихынан да хабардар болуы керек. «Қыз Жібек» фильміне тамаша актерлер қатысты, ал фильмге арқау болған оқиға ешқашан өз өзектілігін жоғалтпайды. Бұл фильмді оқушыларға да көрсету керек» — деген ойымен халықтың сүйікті актрисасы, талант иесі Мереуерт Өтекешова бөлісті.

    Екінің бірі шығарманы оқымаса да, түрлі-түсті бояумен қанық боялып, жаңа өңделген фильм міндетті түрде көрерменнің қызығушылығын тудырады. «Қыз Жібек» — әр көрерменнің жүрегінен өз Отанына деген сүйіспеншілікті тудыратын өнер туындысы.

    Бүгінгі күні киностудия мұрағатында 10 мыңнан астам фильмдер сақталған. Бейнелік мұрағатты реставрациялау жұмысы «Қыз Жібек» фильмінен бастау алды. Болашақта мұрағаттағы барлық фильмдердің көшірмесіне қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда киностудияның техникалық жабдықталуы мұрағаттық материалдардың реставрациясын заманға сай, соңғы үлгіде жүргізуге мүмкіндік береді. Пленканы өңдеу үшін, алдымен ақпаратты көшіріп алу керек, содан кейін әр кадрға ұзақ уақытқа созылатын түзету жұмыстары жүргізіледі. Осыдан барып, сандық жүйеге келтірілген нұсқа жоғары сапалы пленкаға көшіріледі. Пленкамен жұмыс істеу үшін ARRISCAN көшірме қондырғысы қолданылады, түрлі-түске бояу, түзету жұмыстары AUTODESK Lustre жабдығы арқылы іске асады, ал Protools HD бағдарламасы арқылы материалдың дыбысы өңделеді.

    Киностудияда өңдеуден өтетін келесі фильм режиссері әрі сценарий авторы Ш. Айманов болған «Біздің сүйікті дәрігеріміз» атты музыкалық комедиясы болмақ.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2019