• 17.04.2018

    Қожықовтар әулеті




    1985 жылдың қоңыр күзі. Отызға жетпеген ауыл мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымын. Ауылдағы саяси сабақ, көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісімін. Қоғамдық жұмыстарды арқалап алып шапқылап жүрген албырт шағымыз. СССР-дің 50 жылдығы атындағы совхоз мәдениет үйінің залы лық толы. Ауыл халқы әйгілі «Қыз Жібек» фильмін түсірген режиссер Сұлтан Қожықовпен кездесуге жиналған.

    Көп күттірмей жиында басталды. Бұл жолы режиссер қазақтың біртуар перзенттерінің бірі палуан Қажымұқан туралы түсірген «Знай наших»

    фильмін көрермен назарына ұсынуға келіпті. Қасында басты рольді сомдаған Әлеухан Бекболатұлы деген ауыл механизаторы тағы бірнеше кино түсіру тобының азаматтары бар екен. Сахнаға өнер адамына тән бұйра шашы желкесін жапқан, қалың мұртты Сұлтан Қожықов көтерілді. 
    Жоғары лауазымды басшылар, зиялы қауым сөзін көбіне орысша бастайтын. Біз европалық білім алған астаналық мейманымыз қай тілде бастар екен деп демімізді ішімізге тартып тынши қалдық.
    Ауыл тұрғындарының мал-жанының амандығын сұрап көптен көріспеген көрші ауылдан келген ауыл ақсақалының кейпіне енді де кетті. Осы атыраптағы Мұңайтпастан бастап әр төбе, көлдерді атын-атап, түсін-түстеп, онда ғұмыр кешкен көнекөз қариялардың аты-жөнін жаңғыртып жиналғандардың ұмыт қалған ата-бабалар аруағын тірілткендей болды. Осы өлкеден Петерборда, Еуропада оқыған ғұламалар, Ишан, ахундар мен қатар нағашы атасы Мұңайтпас, өз атасы Алтайбек ахуннан тарағандардың қиын тағдырын кино көргендей етіп суреттеп берді. Залда отырғандардың жаулығының шеті суланып, шалдардың сақал-мұрты ылғалданып, бастары иіліп мүлгіген тыныштық орнады. Советтік партия көсемдердің сөзіне иланып «жартылай жабайы» ғұмыр кешкен сауатсыз ата-бабаларымыздың заманын тәрк етіп, жаңа заман – Коммунизм құруды мақсат тұтқан біздерге бұл кездесуден соң көзқарасым түбірімен өзгеріп сала берді.
    Сол кезден бастап ауыл тарихын зерттеу, зерделеуге бет бұрдық. Тиынның екі беті болатыны секілді коммунистер жылтырап немесе күңгірт етіп көрсеткен нәрсенің екінші бетіне үңіле бастадық. 
     
    1988 жылдан бастап ауыл тарихы жайлы әңгіме, мақалалар жаза бастадық. «Бесарық бастауы» атты тұңғыш жинақтың жүздей кітапшам 1992 жылы наурыз айында «СССР-дің 50 жылдығы» атындағы совхоз байырғы «Бесарық» кеңшары деп аталуына негіз болды. Сөйтіп білім тек мектеп, институт қабырғаларында ғана емес «жақсылармен өткізген жарты сағатта да» алуға болатындығын өмір өзі дәлелдеді.
    Перовск уезінің «Кеңтүп» болысындағы ғұмыр кешкен рулардың бірі Қорасан қожа – Аяз қожаның ұлы Алтайбек ахун (1841-1913 ж.ж). осы өңірге танымал тұлғалардың бірі болатын. Алтайбектен Қожық туады. Қоғалыкөл ауылының солтүстік шығысында «Қожық тамы» деген ескі көңнің орны бар. Міне осы жерде Қоңыр-Қожа Қожықов дүниеге келеді.
    Одан әрі сөзді Сәуле Қожықоваға берелік. Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы «Қаралы тағдыр беттері» атты естелігінде Сәуледен қалған сөзді ықшамдап беруге тырысалық.
    Бар байлығы екі түйе, бұзаулы сиырдың сүтін талғажау еткен мал дәрігері Қожық қожа ұлы Қоңырқожаға сол заманда жақсы білім беруге талпынды. Сол кезде екінің бірі қолы жете бермейтін білім алған Қоңырқожа әуелі төрт кластық орыс-түзем мектебін алтын медальмен бітіреді. 1900 жылы Ташкендегі императорлық мұғалімдер семинариясын бітіріп «Халық мұғалімі дипломын» алып шығады. 1905 жылы Перовск уезі, «Кеңтүп» болыстығының болысы Мұңайтпас Лапиннің ауылында бүкіл қазақ елінде алғаш ашылған еуропалық үлгідегі мектепке мұғалім болып қызметке орналасады. Арбап Сарынов, Шахзада Жүсіпов, Сұлтанбек Қожанов, Құрымшінов секілді белгілі қазақтың біртуар азаматтары білім алған бұл мектепке қазақ қыздары тартылады. Мұңайтпастың Ләтипа, Гүләндам есімді екі қызы да болды. Алтын жалатқан жалт-жұлт еткен ілгекті түймелі қонымды мундир киген жас мұғалім кімді де болсада өзіне еріксіз тартатын білімді ұстаз көзге бірден түсетін. 
    «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған». Мұғалім мен шәкірт қыздың арасындағы нәзік сезім махаббатқа ұласып, екі ғашық үйленуге ниет қылады. Төре тұқымынан қалың малын алып қойған ауқатты әкенің құлағына жеткен сыбыс Латипаның мектепке баратын жолын кесті. Қожық та құдасына болашақ келіннің қалың малын төлеп қойғанды. Амалын тауып қос ғашық қашып кетеді. Қуғыншылар күні-түні сабылып із кеседі. Қалың алғанда, бергенде дау­ды ұлғайтып, ауыл-ауыл болып қырқыс басталады. Атыс-шабыс, барымтаға мал таланып аяғы Қоңырқожаның ағайындарының өлімімен аяқталады. Жанжал Перовскідегі әскер күшімен әупірімдеп әрең басылады. Елде қалуға болмайтынын білген жандар Перовскіге қоныс тебеді. Теміржолшылардың кешкі мектебіне орналасқан Қоңырқожа ереуілге шыққаны үшін түрмеге де түсіп қалады. Түрмеден қашқан Қ.Қожықов Түркістанға бой тасалайды. Қырғынмен басталған жұптың өмірі ақыры қайырлы болып Ләтипа мен Қоңырқожадан Қожаахмет 1910, Құлахмет 1914, Нұрахмет 1916, Сұлтанахмет атты төрт ұл дүниеге келіп өсіп өнеді.
    Парсы, араб, шағатай, басқа түркі тілдес бауырлары мен орыс тілін жетік меңгерген мол білім иесі Қоңырқожа 1912 жылы Қарнақ орыс-түзем училищесінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Бас­тауыш мектебіне арнап араб графикасымен жазылған әліппесін, Орынборда Романовтар әулетінің Ресей патшалығына иелік еткеніне 300-жылдық мерейтойы қарсаңында «Романовтар әулеті патшалығының тарихы» атты еңбегін шағатай тілінде жарыққа шығарады.
    1917 жылы Төңкерістен кейін Түркістанда «Қоқан автономиялық уақытша үкіметі» құрылады. Мұстафа Шоқаев оның президенті, Мұхамеджан Тынышбаев – премьер министрі, ал Қоңырқожа Қожықов – жауапты хатшысы болып сайланады. М.Фрунзе бастаған большевиктердің күші басым болып, қаржысы да, қаруы да жоқ Қоқан үкіметі тарап тынды. М.Шоқай шетел асса, М.Фрунземен келісімге келген М.Тынышбаев пен Қ.Қожықов Қоқаннан кетуге мәжбүр болды. Ташкенге қоныс тепкен Қ.Қожықов Қырғыз Халық ағарту институтында дәріс бере жүріп, мемлекеттік банк меңгерушісі болып еңбек етеді. Мұғалімдер мен оның әйелдерінің күшімен «Колизей» театры құрылып кештер мен қойылымдар қоя бастайды. Ләтипа негізіне спектакльдің декорациясы мен суретші-киім тігуші болып өзінің қол өнер шеберлігімен көзге түсе бастайды. 
    «Біржан Сара» қойылымында Сараның анасының ролін сомдайды. Осы театрда алғашқы қадамы басталған Рабиға Асфендиярова – Ләтипа, Гүләндам Қожановаға – Мұңайтпасова, Ұлдар Нарбекова, Хадиша Лапина, Үрия Тұрдықұлова, Құрманбек Жандарбеков, Ләтипа Қожықовалар кейін опера және балет театрының кәсіби қызметкерлері дәрежесіне көтерілген тума таланттар еді.
    Кейін Қ.Қожықов Тур ЦИК-құрамына кіріп жер бөлу мәселесімен айналысады. ТурЦИК құрамында Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Меңдешовтермен қатар орталықтан келген В.Куйбышев, Г.И.Сафаровтармен бүкіл Қазақстан мен Жетісу жерінде аштыққа ұшырағанды құтқару және жерге орналастыру, Қытайдан оралған қандастарымызға жер бөлумен айналысады. Қоғам қайраткері М.Тынышбаевтың «Абылай хан жерімізден ойраттарды, қалмақтарды қуып шықса, Қоңырқожа Қожықов Кеңестік Қазақстанның шекарасын шегендеп берді» деген сөзінде көп мағына жатса керекті.
    СССР АН-ның Қазақфилиалында еңбек ете жүріп «Қазақстанның тарихының» І-ІІІ бөлімін жазып бітірді. Оның табандылығы арқасында Қожа Ахмет Яссауи, Қорқыт қорымы, Сауран мен Отырар мемлекет қарауына алынып, қирап, жойылып кетуден аман қалды.
    1938 жылы Қоңырқожа Қожықов Алматы қаласында тұтқындалып, большевиктік жазалау машинасының құрбанына айналды. 58 жасында айдау­да жүріп көз жұмады. 
    Төрт баланы жеткізуді мақсат тұтқан Ләтипа Қ.Қожықовтан некеміз бұзылған деп бас тартып, Карлаттың азапты күндерінен аман қалды.
    Әуезов таетрының алғашқы ашылған күннен бастап сахна әрлеуші-декораторы, ұлттық киім үлгілерін тігуші болып 11 жыл бойы қызмет атқарады. Кейін 1936-58 жылдары опера-балет театры болып құрылған театрда 22 жыл еңбек етті. Мәскеуде өткен алғашқы онкүндікте «Қыз Жібекті» сомдаған Күләш Байсейітованың киімдерін тіккен, АҚШ Президенті Рузвельтке сый ретінде арнап тіккен ұлттық киімдері, ұлттық жасаулары Рузвельт музейінде сақтаулы. КСРО Суретшілер Одағының (1957 ж) мүшесі, Қазақ өнерінде өзіндік орны бар төрт бірдей ұрпақ пен Алматыдағы өнер орталық музейінде өнер туындылары сақталған Ләтипа Мұңайтпасқызы Қожықова (1892-1960 ж.ж) өмірі кейінгіге өнеге боларлық өнер мен ұрпағы үшін ғұмыр кешкен Алтын Ана өмір жолы.
    Асылдың сынығы ұлкен ұлы Қожахмет Қожықов 1910 жылы Перовскіде дүниеге келген. Алғашқы қазақ театрында алған өнер табысынан кейін Қожахметті Қазақстан халық ағарту бөлімі Ташкенттің өнер музейі жанындағы суретші Н.В.Розанов жетекшілік ететін көркемөнер студиясына оқуға жібереді.
    Одан кейін Қожахмет 1926-1928 жылдары Москвадағы ВХУТЕМАСЕ жанындағы Советтік Шығыс халықтарына арналған курста оқиды, шамалы уақыт, Ташкентте, Нүкісте баспасөзде жұмыс істейді.
    Одан кейін Алматыға келіп Қазақ драма театрына бас қоюшы суретші болып орналасады, суретшілердің «КазИЗО» өндірістік шығармашылық бірлестігін ұйымдастыруға қатысады.
    Ол Мұхаммед Жанкинмен /кейіннен Қазақ ұлттық галереясының бірінші директоры/ бірге Алматыда көркемөнер галереясының ашылуына ықпал жасайды. 1938 жылы Қожахмет Қожықов Нүкіске барар жолда репрессияға ұшырап, одан Алматыға 1943 жылы ғана оралды.
    Қазақстандағы графика өнерінің басталуы Қожахмет есімімен тығыз байланысты. Суретшінің отбасында, жеке коллекционерлерде, музейлерде 80-ге жуық графика мен акварель туындылары сақталған.
    Қарақалпақ Автономиялық Республикасының музейінде Таңсықбаев тапсырған Қожахмет Қожықовтың 14 шығармасы бар.
    Қазақ ССР-нің мемлекеттік өнер музейінің қорында Қожықовтың 9 шығармасы бар. Олар сангикамен салынған «Три фигуры», «Портрет Сарбая оглы», акварельдер: «Мужской портрет», «Украинка», «Жатва», «Доение коров», «Молотьба», «Доение кобылиц» атты туындылары.
    Ал екінші ұлы Қожықов Құлахмет 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданында туылған. Қазақтың тұңғыш театр суретшісі, график, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері.
    1934-1936 жылдары Ленинградтың М.Горький атындағы Үлкен театры жанындағы көркем сурет студиясында оқыған.
    1932-1934 жылдары Қазақтың драма театрында, 1943-1950 жылдары Қазақфильмде суретші болды. 1970-1973 жылдары қолөнер музейінің директоры қызметін атқарды. Көптеген спектакль /Әуезовтың «Еңлік-Кебек» Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» Шекспирдің «Отеллосы» т.б/, опера /Жұбанов пен Хамидидің «Абайы»/ мен фильмдердің /Жамбыл «Ата мекен»/ декорация мен киім-кешек үлгілерін жасады. Кітап көркемдеу ісімен шұғылданды. Тәуелсіз қазақ елінің ұлттық өнеріндегі сурет әлемінде қылқалам шебері Құлахмет Қожықовтың алатын орны ерекше.
    Қожықов Нұрахмет Қоңырқожаұлы 1916 жылы дүниеге келген. Оның скульптуралық, монументтік шығарманың еліміздің барлық аймағына танымал Ұлы Отан Соғысына қатысып ауыр жараланып І топтағы мүгедек болып қалсада артында мол мұра қалдырған мүсінші. Шығармашылық мүмкіндіктерін толық көрсете алмай 1993 жылы дүниеден өтті.
    Ал Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы Қожықов 1923 жылы дүниеге келіп, Москвадағы ВГИК-ті 1953 жылы бітірген, қазақтың көрнекті кинорежиссері қазақ кино өнерінде өшпес туындылар қалдырған ірі тұлға. Басқасын айтпағанда қазақ кино өнерінің қайталанбас алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильмінің өзі, кез-келген өнер адамының пешенесіне жазыла бермейтін бақ.
    18 жасынан майданға аттанған, әйгілі Панфилов гвардиялық дивизиясында шайқасқан майдангер. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақ ССР-не еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1988 жылы дүниеден өтті.
    Қазақ халқына ғажайып тұлғаларды өмірге әкелген Қожықовтар, Лапиндер әулетінің Сыр бойында, Қоғалыкөл топырағынан өсіп-өніп тамыр жаюы, осы жерде ғұмыр кешіп жатқан ұрпақтар үшін зор мақтаныш.
    Тек Қоғалыкөл ғана емес, Алаш ардақ тұтқан Қоңырқожа Қожықовтың туған жерінде мектеп не мәдениет үйіне есімі беріліп, ел үшін еңбек еткен ерлердің есімі халық жадында сақталса деген ниетпен қолға қалам алдық.

    Жұмабай ӘУБӘКІР,
    ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
    Бесарық ауылы


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz

  


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2018