• 09.04.2018

    АЯУЛЫ ЕКІ БЕЙНЕ БІР ҰЛТТЫҢ ӨҢІН АШЫП ТҰРҒАНДАЙ…


    Сабақты ине сәтімен

    Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім.

    Анри Барбюс

    француз жазушысы

    Әміре Қашаубаевқа арналған «Әміре» көркем фильмі экранға шықты. Фильм түсіріліп жатыр дегеннен-ақ елең ете қалғанбыз. Тұсаукесерге елден бұрын барып, кинокөрсетілімнің ырғағына ене-ақ кеттік.

    Мен басталғаннан Әміренің көзінен әлденені іздедім. Арқалаған аманаты мен жан-мұңы өзіне ғана шақтанғандай, екі көзі үлкен экраннан жасқаншақтана қарайды. Кей тұста оң-солын жаңа таныған бозбала ма дерсіз? Шын мәнінде, Әміре Парижге аттанған 1925 жылы 37 жастағы азамат еді. Картинада жап-жас жігіт. «Әміре» кинокартинасы жайында айтуға ықылас танытқан соң, біраз дүниеге зер салуға тура келеді. Айтпағымыз, аңыздан ақиқатқа, Әміреден актерға, кинодан көрерменге дейінгі әңгіме. Бұл орайда жеткен өремізбен фильмнің өрісіне шекара сызбай, әр саланың өз сыншысына құлақ түргенді жөн көрдік.

    Кинокартинаға Әміренің Париж төрінде көрсеткен қайталанбас жеңісті де толғанысты сәттерін арқау еткен. Америкалық джаз композиторы Жорж Гершвинмен достығы, сол тұста сатқын саналған Мұстафа Шоқаймен кездесулері де суреттеледі. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірілген. Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) пен Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдайды. Британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) ойнайды. Халықаралық түсірілім тобының құрамына америкалық қоюшы-режиссер Джефф Веспа (Jeff Vespa), оператор Максим Осадчий енген. Сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Сонымен қатар кеңесші Жарқын Шәкәрім, Әміренің дауысын кадр сыртында орындаушы Сержан Мұсайын, домбырада сүйемелдеген Нұржан Тәжікеновтердің еңбегі ерекше. Латвия мен Лос-Анжелесте және Алматы облысының Үшкоңыр ауылында таспаланған. Көркем фильмде әнші репертуарындағы «Бес қарагер», «Балқадиша», «Үш дос», «Дудар-ай» әндері орындалды. Кинотуынды Әміренің өз дауысымен аяқталады. Бұл фонографқа жазылған үнтаспаны фильм кеңесшісі Жарқын Шәкәрім 44 жыл бұрын Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық орталық мұрағаттан тапқан екен.

    Тұсаукесер рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Фильм туралы 2014 жылы ойластыра бастағанбыз. 2016-17 жылдары ЭКСПО көрмесіне үлгеруі қажет болған. Себебі Ә.Қашаубаев 1925 жылы ЭКСПО көрмесіне барып өнер көрсеткен. Бұл Әміре үшін ғана емес, қазақ халқы үшін де үлкен жетістік. Әншінің осы көрмеден күміс медаль иемденуі мен шығармашылық өмірі фильмге арқау болып отыр. Сондықтан да көбіне Парижде болған суреттемелерді көрсеткен. Ескере кететін жайт, бұл халықаралық фильм болған соң заңды түрде авторлық құқық сақталуы қажет. Ол жағынан картинаның бас продюсері Ә.Өтемұратов мырзаға мың алғыс. «Әміре» фильмі қазақ киносына жаңа серпіліс әкеледі деген үміттеміз. Рухани жаңғыру аясында, қазақ халқын шет елге таныстыру мақсатында түсірілген насихаттық фильм. Алдағы 3-4 ай көлемінде Д.Исабеков сценарийін жазған «Балуан Шолақ» фильмі көрермен назарына ұсынылмақ. Одан кейін «Қасым хан», «Қожа Ахмет Яссауи» туралы фильм түсіру күн тәртібінде тұр», – деп шығармашылық ұжымға қолдау білдірді.

    Басты рөлді сомдаған Санжар Мәдиев: «Әмірені алып шығу үшін талантты күйші Нұржан Тәжікенов домбыраны 3 айға жуық үйретті. Ал әннің мазмұнын, табиғатын бейнелі жеткізуіме екі жетекшім көмектесті. Тарихи тұлғаға дайындалу өте ауыр. Әміренің бейнежазбасы, сөйлесу ырғағы, қимыл-әрекеті жөнінде деректің аздығы қатты білінді. Осы образды барынша игеру үшін тарихи деректерге сүйеніп, Жарқын Шәкәрім ағамен ақылдаса отырып, образды жинақтадық. Әміре ішкі жан дүниесі сұлу, өзіндік әлемі бар, өте ұяң, сезімтал кісі болған. Ол бұл фильмде өзге ғаламшарлық секілді болып тұр. Кинокартинадан Әміренің жанында еті тірі, көзінде оты бар адамдар жүргенін байқайсыздар. Ал ол үлкендердің ішіндегі кішкентай бала сияқты көп нәрседен хабарсыз көрінеді. Өйткені сол кездің өзінде Еуропа едәуір дамып кеткен. Ал Әміре елімізде ұзақ жылдар бойы қаладан жырақ өмір сүрген. Әншінің өміріне үңілсек, ол табиғатынан момын, сыршыл, барлығын жүрегіне тым жақын қабылдаған кісі. Фильмде мен осындай Әмірені көрсетуге ұмтылдым», – деп ағынан жарылды.

    Мұстафа Шоқайды ойнаған Еркебұлан Дайыров: «Әр актер белгілі бір тұлғаны сомдағанда өзінің көзқарасын, яғни өзінің Мұстафасын шығарады. Азиз Бейшеналиев ағамыз толық метражды фильмде өз Мұстафасын шығарды. Өнердің ұстанатын қағидасы бар. Біз де сол қағиданы ұстануға тырысып келеміз. Ал түсірілімге келсек, мендегі түсірілім алты күн болғандықтан, виза жасату қажеттілігі туындаған жоқ. Көріністердің барлығы қазақ тілінде өтті. Тек Эбби Корнишпен бір ғана диалогымыз бар. Дегенмен, түсірілім тобының 85 пайызы шетелдік мамандар болды. Киноның жағрафиялық жағдайын кеңейту, шетел асқанда өз отаныңды ойыңдағыдай таныстыра алу үшін тіліңнің жетік болуы өте маңызды. Сондықтан да жұмыс барысында тіл білу жағы өте қиынға соқты. Алдағы уақытта күн тәртібінде тұрған дүнием осы болып тұр. Рас, фильм туралы әркімнің пікірі әрқалай. Бұл заңдылық. Өз көзқарасымда Санжар режиссердің айтқан, қойған талабын ойдағыдай алып шықты. Қазақтың «Әміресін» неге әдемі етіп көрсетпеске?! Оған Санжардың актерлік деңгейі де, шеберлігі де жетіп тұр. Бұл кино әлемдік прокатқа кететін болса, актердің қала не ауылдың баласы болғаны оларға бәрібір. Тарихи Әміре туралы фильм болғанымен, форматы мүлдем бөлек. Әлемдік деңгейдегі сұранысқа, талапқа сай болуы үшін жасалынған. Қалай болғанда да біз өзіміздің тағы бір ұлы тұлғамызбен қауыштық. Рухани жаңғырудың алғашқы қадамы осылай болуы керек деп ойлаймын»,  деп фильмнің қалыптағыдан өзгеше түсірілуінің себебін түсінуге шақырды.

    Әлихан Бөкейханов Әміреге Мәскеуде: «Сенің үстіңдегі киім қазақ атыңа жараспайды, осы түріңмен Парижге бармақсың ба?» – деп киім әпереді. Сонан кейін Әміре арқылы М.Шоқайға хат беріп жіберген. Өкшесіне хат салынған аяқ киімді Парижде Мұстафа жаңасын әперіп, ауыстырып алған көрінеді. Не десекте, осы сапардан соң Әміренің әншілік өнеріне бұғау салына бастағаны ақиқат. 1926 жылы Англиядан шақырту келгенде Шоқаймен кездескені үшін тергеуден әбден зәрезап болған Әміре бас тартады. Бірақ 1927 жылы сәуір айында Мәскеудегі консерваторияда екі күн ән шырқайды. Сонда ондағы бар қазақ, бүкіл мұсылман жиылып, әншіні Мәскеу қазақтары бірінен соң бірі қонақ етеді. Луначарский жеке өзі шақырып, арнайы дәм береді. Сол жылдың жазында Әміре Германияның Майндағы Франкфурт қаласына сапар шегіп, халықаралық музыка көрмесіне қатысады. Германияға жүрер алдында Луначарский Әміреге французша журналдарды көрсеткен. Сонда Ромен Роллан, Анри Барбюс секілді атақты қаламгерлердің өзі жайлы тамсана жазған пікірлерін оқиды. «Өз көзіме өзім сене алмадым», – депті Әміре.

    Алайда, Әлихан әперген костюм, Мұстафамен ауыстырған туфлиді «Әміре» көркем фильмінен көре алмайсыз. Кинотуынды осы тұстарына өзгерістер енгізіп, тарихи деректерден ауытқыған. Финалда орындайтын «Дудар-ай» әні де дауысты көрсететін ән емес. Бұл әнді финалға сақтауының сыры бір білсек, Эббиге қимастығын сездіру үшін қойылған. Ал Әміренің тұмары, домбырасын жүктерімен қосып өткізбей өзінде қалдыруы, сахнаға домбырасыз шыға алмауы, соңында ұлттық киіммен ән салуы әдемі көрініс тапқан.

    Кинотуындының бояуы қанық, сапасы жақсы екенін көрсетілімнен кейін көрермен жарыса айтып жатты. Біз Асанәлі Әшімов ағамызбен тілдесіп, белгілі сыншы Әлия Бөпежанованың пікіріне жүгіндік.

    – Асанәлі ӘШІМОВ:

    – Біріншіден, фильмді шетелдің адамдары түсірген. Олардың түсінігі басқа, менің түсінігім басқа. Фильмде жаңа заманға бейімделген бала бейнеленеді. Бүгінгі таңның ойлауымен қараған. Әміре сауаты жоқ жігіт болған. Оның үні боямасыз дала дауысы десек те болады. Қойлы ауылда өскен, театрда қызмет істеген. Әміре театрда жүргенде ойнайтын спектаклінің атын білмей: «Менің көк шапан киіп ойнайтын спектаклімнің аты қандай?» – деп сұрайды екен. Онда бізде жазып алатын аппарат болған жоқ. «Әміре Париж сахнасында домбыраны алып айқай салғанда, алдыңғы қатардың біразы артқа қарай кетті», – деп еститінбіз. Фильмнің бір жақсысы біздің ел туралы мұхит асып көріп жатса, «қазақтардан да осындай шыққан екен ғой» дейтін тұстары бар. Көтермелеп көрсеткен. Әміре өмір бойы шоқай киген адам. Кинокартинада қазақтың мәдениеті, киімі, ауылы да, әдебі де жып-жинақы етіп әдемі көрсетілген. Ал көркем фильм ретінде сенімсіз жақтары басымдау. Жақсы жағы алынған. Актерлық құрам жақсы таңдалған. Басты рөлді сомдаған тәуір бала көрінді. Сондай киногеничный жігіт. Ойыны көңілімнен шықты. Өздеріне берілген тапсырманы орындаған. Мұстафаның рөлі – эпизодтық рөл. Еркебұланның ойнап жүрген рөлдерінің ішіндегі келіскен эпизоды осы. Әлгі бірде хандардың рөлін сомдап жүрді. Маған ұнамайды. Соны түсіре алмаған ба, жарқ етіп шықпады. Актердің бағын шеберлігі ғана ашпайды. Түрлендірудің де түрлі жолдары бар. Қомыт-қомыт қып киіндіріп қояды. Басына қоқиған бас киім киіп алады. Кино деген өнер ғой. Өнер болғаннан кейін «өнер» жасау керек. Ол жерде ханның, ақсүйектің рөлі болғандықтан, сол жерлерде көтермелеп көрсету керек еді. «Әміреде» осы көтермелеу басым. Ал біздің өз режиссерлеріміз түсірген кей фильмдерде керісінше тұқыртып, жаман атқа мінгізіп, киімдері де ханға лайықсыз пішінде көрініп жатады.

    – Әміренің австралиялық актриса Эбби Корнишпен аралас-құралас болғаны жайлы пікіріңіз қандай?

    – Әміренің өмірдерегінде актрисамен байланыс жоқ. Ал жаңағыдай көріністер бізге оғаш болып көрінгенімен, ертең грузиндер, латыштар, америкалықтар көргенде қарауға жақсы. Сол жағынан қосқан. Ал орыс, шотландық әншілердің дауысын режиссер сол кезеңнің деңгейімен ыңғайлаған сияқты. Мәселен, Ресейдің тұңғыш халық әртісі Шаляпиннің дауысын қазір естісем, көңілім толмайды. Дауыс жоғарылығын сол кездің деңгейімен келтірген бе, бәрінде дауыс бәсең. Фильм Әміре болғаннан кейін, Әміренің үніне басымдық, бояу беруі керек еді. Қарап тұрып өз ішіңнен «көтерсеңші» деп көтермелеп отырасың. Кез келген туындының шарықтау шегі деген болады. Сюжеті де аса қызық емес. Үлкен фильм шықты деп айта алмаймын. Фильм орташа.

    Әлия БӨПЕЖАНОВА:

    – Әміре Қашаубайұлы – қазақ руханиятындағы қайталанбас тұлға. Белгілі музыка зерттеушісі, әміретанушы Ж.Шәкәрімше айтқанда, «Өнер тарихында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әуелеген әнімен адамзат баласын таңдандырған, қайталанбас ұлы тенор әнші».  Бүгінгі ұрпақ Әміренің керемет әнші екенін білсе де, дауысын естімеген, өмір-тағдыры туралы кем біледі. Сондықтан да ұлы әнші туралы көркем фильм түсірілгені қуантарлық жайт. Фильмге Әміре әншінің Парижде өнер көрсету оқиғасы арқау болыпты.

    Көркем фильм болғаннан кейін оқиғаларды авторлардың түп-мақсат, идеясына сай өзгерту, құбылту болатыны бар. Бұл фильм де осындай принциппен түсіріліпті. Яғни Париждегі этнографиялық концертте башқұрт қурайшысы Исенбаев, өзбек биші-әншісі Тамара Ханум, тағы басқалармен бірге өнер көрсеткен Әміре Қашаубаев фильм сюжеті бойынша шетелдік әншілермен бәсекеге түскен. Барынша мәдениленген, еуропаланған Әміре Парижге барысымен француздың атақты өнер элитасымен  (арасында тіпті Жан Кокто да бар) танысып-араласады, шамалы уақыт ішінде музыка салондарында өнер көрсетіп те үлгереді. Махаббат хикаясын да бастан кешеді. М.Шоқаймен кездескені үшін Париждің өзінде-ақ  қамауға түсіп, қатты зәбір көреді. Әнші алдында екі жол тұрады – өнерін өсіру, еркін өмір кешу үшін шетелде қалу немесе қандай қиындыққа болса да көніп, туған елге қайту. Әрине, Әміре әнші туған елге қайтады. Жас ұрпақтың Әміре туралы ұғымы қалыптасуына әсер ететін, бояуы қанық көркем фильм ретінде мұндай  версияны қабылдауға болады. Әміренің әндерін орындаған әнші Сержанның дауысы, орындау шеберлігі мықты. Фильмде халықаралық түсірілім тобы жұмыс жасапты. Ол бастан-аяқ сезіледі – түсірілім сапасы мен заманауи идеялары оқылатын жақсы жағынан да;  фильмде бірден көзге түсетін бүгінгілік трендтер мен тақырыптың өзі «қарсыласып тұрған»  голливудтық-глянцтық сипатты (бұл тұста фильмнің кеңесшісі Ж.Шәкәрімге сауалдар бар) кемшілікті тұстарынан да.

    Жалпы алғанда, тарихымызды көрнекті тұлғаларымыз, әсіресе өнер адамдары арқылы зерделету бүгінгі кинодағы жақсы үрдіс. Өнер адамдары туралы телесериалдар да түсіріліп жүр. Мұның бәрі құптауды қажет ететін алғашқы айналым десек орынды болар. Әміренің өнері, халқымыздың тағдырымен ортақ талайлы тағдыры жан-жақты көрсетілетін көркем фильм  алдағы уақыттарда түсірілетіні, өзіміздің талантты жас киногерлер өсіп, рухани тұрғыдан әбден толысып жетілгенде өзге де тұлғаларымыз туралы «Амадей»,   «Андрей Рублев», «Жизнь в розовом цвете» («Эдит Пиаф»), «Пианист» сынды фильмдер қазақ киносында да болатыны сөзсіз.

    Әміренің 1927 жылы Германия сапарынан соң да тыңшыдан босап, қуғындық шідері үзілді деу қиын. 1934 жылы қарашаның 6-сынан 7-сіне қараған түні оның денесі Алматы көшелерінің бірінен табылды. Ауруханаға шалажансар күйде жеткізілген Әміре біршама уақыттан кейін сол жерде көз жұмады. Осылайша 46 жасында жұмбақ жағдайда өмірден озады. Өліміне байланысты іс те қозғалмапты. Ширек ғасырдан соң, 1974 жылы кинотуындының кеңесшісі Жарқын Шәкәрім қырғыз музыкасының антологиясын шығару жұмыстары барысында Мәскеудегі қырғыз архивінен Әміре Қашаубаевтың Затаевич таспалаған дауысын тауып, қазақ руханиятымен қауыштырды. Кеудесінде күй күмбірлеп, әуезіне жан тебіренсе де, ән Әміресінің тағдыры осылайша қысқа қайырылған болатын. Мұндайда жаның боздап, жүрегің сазға толары сөзсіз.

    Араға ғасыр салып ел егемендік алып, атойлап ұлымыз, асқақтап әніміз шыққан тұста қазақтың Әміресі әлем жүрегіне киноөнер арқылы жол тартты. Қалай десек те картинада қазақ өнерін, даласын, мінезін, мәдениетін биіктен көрсетуге белсенді жұмыс жасалған. Әміренің болмысы Қазақтың өзіндей биязы, сыршыл болса, Мұстафаның бейнесі керісінше, Алаш азаматының өжеттілігі мен бірбеткейлігін, сағынышы мен сауаттылығын шебер көрсетеді. Екі образ бір ұлттың өңін ашып тұрғандай бір-бірін толықтырып тұр. Сондықтан да көркем фильмнің ғұмыры әлемді сүйсінтер өміршең болса деп тілейміз. Қазағымен қайта қауышқан тарихи тұлғаның ән ғұмыры елімен бірге мәңгі жасай бермек.

    Сәуле Нысанбек

    “Ақ желкен” (№4 сәуір 2018 жыл)



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176

  


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2018