• 02.11.2017

    «ЖҰМАТ ШАНИН» АТТЫ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ


    Алматыда «Қазақфильм» киностудиясы Тұңғыш Президент-Елбасы қорымен бірлесіп, қазақ деректі киносының күндері аясында «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» атты деректі фильмнің тұсаукесерін жасады. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмнің режиссері – Алексей Каменский, сценарий авторлары – Бақыт Қайырбеков және Айнұр Мазибаева. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі мәлім етті.
    Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бұл фильм қазақ ұлттық театр өнерінің қалыптасуына және осы өнер түрінің Қазақстанда дамуына жол салған тұлғалардың бірі – Жұмат Шанин туралы.
    –  Фильм 1926 жыл мен 1938 жылдар аралығындағы қазақ ұлттық
    театрының құрылуы туралы. Сондай-ақ, сол дәуірдегі қазақ зиялы қауымына зияны тиген 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігі де сөз етіледі. Фильмде деректермен қатар сахналық қойылымдар да бар. Біз сол дәуірдегі маңызды оқиғаларды сахналық қойылымдар арқылы қайта құрдық. Фильм қазақ театры және оның бастауында тұрған Жұмат Шанинге арналады, – деді тұсаукесер барысында фильмнің режиссері Алексей Каменский.
    –  «Біздің деректі фильмдерімізге қолдау көрсетіп жүрген Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтамын. «Қазақфильмде» қазақ өнерінің ұлы тұлғалары туралы түсірілген деректіфильмдер көп, – деген фильмнің сценарий авторы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті Бақыт Қайырбеков, сөзін былай деп жалғады: – Біздің фильмдерге кәсіби мамандар өз бағасын беруде. Деректі фильмдеріміз көптеген фестивальдерден жүлделі орындарды иеленіп жатыр. Бұл картиналар ұлтымыздың рухани жаңғыруы жолында пайдасы зор деп білемін».
    Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин  –режиссер, драматург, актер, қазақтың ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам және театр қайраткері, Қазақ АКСР-інің халық артисі (1931). 1920 жылы  Семей қаласында  «Ес аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған Шанин халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфуллинменнің «Қызыл сұңқарларын» (1922) қойды; сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді «Торсықбай» комедиясы 1925 ж. Семейдің «Таң» журналында жарияланды. Бұдан кейін ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры (1926) болумен қатар оның көркемдік жағын басқарды. Шанин Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ профессионалдық тұрғыда қалыптастырып, сахналық-шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірді. Алғашқы шығармашылық-ұйымдастырушылық қызметінен бастап Шанин актерлер мәдениетін көтеруге, театр жұмысын белгілі бір жоспар бойынша жүргізуге, репертуардан тәрбиелік һәм идеялық-көркемдік сапасы жоғары драм. шығармалардың орын алуына ерекше көңіл бөлді. Бұл мәселелер «Қазақтың мемлекеттік театры», «Мемлекет театрының артистері» (1927), «Қазақстан мемлекеттік театры» (1928), «Театр тарихынан» (1931), «Сахна техникасын меңгерейік», «Сахнада шындықты тану» (1935) атты әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларында жан-жақты қарастырылып қамтылды. 1927 жылы бір топ өнер шеберлерін бастап, Мәскеу қаласында өткен этнографикалық концертке қатысады, 1932 – 33 жылдары   қырғыздың мемлекеттік академиялық драма театрының (Бішкек қаласы) бас режиссері болды. 1934 жылы ашылған музыкалық театрды (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры) ұйымдастыруға қатысып, Қ.Жандарбековпен бірге Е.Г. Брусиловскийдің«Жалбыр», «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынын» қойды. Осы музыкалық спектакльдер Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде жоғары бағаланды. 1936 жылға дейін осы театрдың көркемдік жағын басқарған Шанин алғашқы музыка театр өнерінің қалыптасып дамуына да мол үлес қосты.
    Сценарий авторы туралы: Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков 2015 жылдың 12 ақпаннан бастап – Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Кинорежиссер, сценарист, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Кинематорграфистер Одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік наградасымен марапатталған, Еуразиялық телеарна және радио Академиясының академигі (Ресей), Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері, «Құрмет» орденінің иегері. Ғылыми-танымал және деректі фильмдердің авторы: «Ақбосаға», «Возвращение в лоно неба», «Мен саған сәбимін», «В поисках собеседника», «Священный порог», «Клятва», «Свидание», «Возвращение к истокам», «Домусульманские обычаи и традиции казахов» «Послание настоящему», «Страсти натуралиста», «Қызыл трактор», «Путь истины», «Колючая нежность», «Сердце мое», «Священный Туркестан», «Асеке» және т.б. фильмдері Румыния, Ресей, Қытай, Иран, Венгрия, Германия мемлекеттерінде өткен халықаралықкинофестивальдерде дипломдармен марапатталған. Поэтикалық жинақтардың авторы: «Осенний диалог» («Жалын» баспасы, 1978), «Глагол жить» («Жазушы», 1982), «За живою водой» («Жазушы», 1986), «Менiм үйiм» («Жалын», 1987), «За решеткой строк» («Согласие», 1996), «Биография алмаатинца» («Өлке», 1998), екі томдық «Таңдамалы» (1998), «Дневник» («Интерприн»т, 2003), «Путь воды» (М., «Тезаурус», 2010), «Проснуться птицей» (2011), «Национальные обычаи традиции. Казахский этикет» (2011) және «Далекие и близкие» (2011) атты аударма еңбектері бар.

    Бақыт Қайырбековтің аудармалары арқылы қазақтың ақындары мен прозаиктардың төмендегі шығармалары жарық көрді: Шәкәрім Құдайбердіұлының «Родословная тюрков, казахов и киргизов, Қойшығара Салғариннің «Династии ханов», Асан Қайғының, Бұқар, Ақтамберді жыраулардың жырлары, С.Мұратбековтің, А.Сейдімбектің, Т.Жұртпаевтың, А.Жақсыбаевтың, А.Әлпейісовтің прозасы, Ғ.Қайырбековтің, Т.Молдағалиевтің, Т.Әбрахманованың, Е.Раушановтың, О.Асқардың, М.Мақатаевтың, І. Жансүгіров пен Ф. Ғабитованың және т.б.

    Режиссер туралы: Алексей Каменский 1972 жылы 16 шілдеде туған. 1994 жылы Алматы энергетикалық институтты «Радиобайланыс және телевизия» мамандығы бойынша бітірген. «Қазақстан» телеарнасында видеоинженер болып қызметін бастаған, содан «31 арнаның» ойын-сауық бағдарламалары мен жаңалықтарында режиссер болған. Сондай-ақ, Алексей Каменский «Білім және мәдениет» арнасындағы  «Этимология образа» бағдарламасында режиссер қызметін атқарған.
    Еркін ҚАЛДАН


Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz

  


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2018